Ертіс өңіріндегі қауіпсіздігі жоғары санатты №46 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан қалта ұрысы қоғамдық орындарда ұрылардан қорғану тәсілдері туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Станислав Иванов (аты-жөні өзгертілген) 33 жаста. Жастайынан ата-анасынан айырылып, әжесінің қолында өскен азамат осымен үшінші мәрте түрмеге түсіп отыр. Бұған дейін екі рет істі болған.
Көше баласы болып өстім. Жасөспірім кезімнен бері адам көп жиналатын жерлерде ұрлықпен айналыса бастадым. Әжем жақсы тәрбие беруге тырысты, бірақ, теріс қылықтарға бой ұрдым. Базар, автобус, трамвай ішінде жүріп, оңай олжа тауып жүрдім. Кейде 10 мың, кейде 20 мың теңге «тапқан» кездерім болды. Ең үлкен табыс – 1 млн. 200 мың теңгені құрады. Мен мас күйінде болған ер азаматтың сөмкесін қолды қылдым, - дейді жазасын өтеуші.
Станислав алғашқы жазасын 15 жасында алыпты. Бірақ, темір тордың ар жағында болғаны жақсылыққа апармапты. Бостандыққа шыққан соң мектеп қабырғасынан түлеп ұшты. Дегенмен, есірткіге бой ұрып, бұрынғы тірлігіне қайта оралды.
16 жастан кейін есірткіге тәуелділік пайда болды. Сотты болғандықтан, еш жерге жұмысқа орналаса алмады. Сөйтіп, бұрынғы тірлігіме келдім. Әдетте егде жастағы тұрғындар қалта ұрыларының құрбаны болып жатады. Олар жеке заттарына бейжай қарап, сақ болмаса, біздің қолымызға түседі. Қалта ұрыларының түр-түрі бар. Бірі сөмкелердің соңынан жүрсе, екіншілері тек адамдардың қалталарындағы ұялы телефон, ақша, бағалы заттарды жымқырады. Ұрылардың құрбаны болмау үшін жеке заттарға мұқият болу керек. сөмкелер мен қалталарды жауып жүру керек, - дейді Станислав.
Қазіргі уақытта адам көп жиналатын орындарда, қоғамдық көлік ішінде бекнебақылау камералары көптеп орнаылып жатыр. Кейіпкеріміз қырағы құралдардың «көзіне» түсіп, қылмыскер болып шыға келді.
Әрине, жасаған әрекетім үшін өкінемін. Себебі, орда бұзар жасқа келгенше қылмыспен айналыстым. Осы кезеңде білім алып, еліміздің дамуына өз үлесімді қосар едім. Бірақ, өмір жалғасып жатыр. Бірнеше жылдан соң еркіндікке шығамын. Кереғар әрекетке бармаймын. Колониядағы колледжде токарь мамандығы бойынша оқып жатырмын. Себебі, үйіме оралған соң екі қолға бір күрек тауып, өмір сүруім кере. Бостандықта ағам мен әпкем күтіп жүр, - дейді сотталушы.
Аймақтың түзеу мекемелерінде сотталғандарды қайта әлеуметтендіру, психологиялық қолдау бойынша кешенді жұмыстар қолға алынған. Мәселен, Станислав жазда токарь мамандығы бойынша оқуын тәмамдайды. Диплом алуға дайындалып жатыр. ал дәнекерлеуші мамандығы ашылғанда, екінші мамандықты игеруге ниетті.