Семейдегі перзентханада жаңа туған нәресте күйіп қалған. Бастапқыда дәрігерлер баланың күйіп қалғандығын растағанымен, кейіннен оның қандай да бір генетикалық ауруға байланысты екендігін айтып ақталған. Ал сәбидің анасы босана салып нәрестені бауырына басқанда бәрі жақсы болғандығын айтуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2 наурызда семейлік тұрғын Камаль Оразғалиева перзентханада төртінші баласын босанған. Дәрігерлер баласын кеудесіне қойғанда сәбидің жылаған даусы шығып, барлығы жақсы болған көрінеді. Алайда арада 10 минут өткен соң ақ халаттылар баланың тұншығып, жағдайы нашарлағанын айтқан. Олар баланы оттегі аппаратына қойып, көмегі болмаған соң жансақтау бөліміне алып кеткен.
Босанған ананың айтуынша, жансақтау бөліміне сәбиін білу үшін барғанда жағдайының қалыпты екендігін айтқан.
Екі күн өткен соң баланы маған палатаға әкелулері керек болған. Бірақ дәрігерлер оның судороги (ред. – денесінің құрысуы) берген соң басына ультрадыбыстық зерттеу жасаған. Миына қан кеткендігін айтып, жедел ота жасады. Дәрігерлердің түсіндіргені бойынша ота барысында шақалақ жылытуға арналған төсенішке күйіп қалған. Бірақ бұл туралы маған хабарламады. Баламды емізуге барғанда да менен баламның түрін жасырды. Біз бір тәулік күттік. Содан кейін ғана меңгеруші күйіп қалғандығын айтты, - деді Камаль Оразғалиева.
Шақалақты күйіктен емдеген ақ халаттылар енді оның "генетикалық ауруға" байланысты болуы мүмкін деп отыр. Алайда, төрт баланың анасы Камаль бұған дейін балаларында ешқандай ауру кездеспегенін, тұқым қуалайтын аурумен ауырмағандығын айтуда. Тіпті, өзінің де жүктілік барысында денсаулығына қатысты шағымы болмаған. Қолында барлық талдамаларының нәтижесі бар.
Әділдік іздеп шырылдаған ата-ана құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне де жүгінген. Аталған жағдай полицияның да бақылауында. Айта кетейік, перзентхана дәрігерлері Камаль Оразғалиеваны дүйім жұртты дүрліктірмеуге де шақырған көрінеді. Ені ана мен бала санавиациямен Астанаға жеткізілмек. Кішкентай Әлиінің денсаулығы жақсарғанын тілеп отырған ол әділдік орнап, кінәлілердің жауапқа тартылғанын қалайды.
Еске салсақ, Семейде дәрігерлер перзентханада жаңа туған сәбиді күйдіріп алғаны туралы хабарлаған болатынбыз.
Фариза Талғатбек