Мемтерминкомды мемлекеттік органға айналдыратын уақыт келді

11 Сәуір 2019, 13:12
3568
Бөлісу:
Мемтерминкомды мемлекеттік органға айналдыратын уақыт келді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламент Мәжілісінде өткен «Рухани жаңғыру: қазіргі қазақ терминологиясы» ғылыми-практикалық конференциясында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Редакциялау және аударма бөлімінің меңгерушісі Дәуітәлі Омашұлы осылай деді.

«Біздің қазіргі Мемтерминкомды білікті аппараты, қажетті қаржысы бар тұрақты жұмыс істейтін мемлекеттік органға айналдырудың кезі келді. Сондай жағдай жасалғанда ғана, одан нәтижелі жұмыс талап етуге болады. Ал Мемтерминкомның консультативтік кеңесші орган ретіндегі қазіргі жағдайымен ұлттық терминдерімізді қалыптастыру сияқты үлкен жұмысты тиянақты жүргізу әсте де мүмкін емес екені белгілі. Кеңесші орган болғандықтан оның шешімдерінің де жалпыға бірдей міндетті күші болмайды» - деді ол.

Терминология бүгінгі күні ең күрделі және проблемасы көп сала. Қазір жарыса шығып жатқан жаңа сөздер көп. Сөздіктердің өзі ала-құла.

«Кәсіби, салалық, ғылыми терминдердің әр жерде әр түрлі жазылуы бәрімізді де жаңылдырады. Сондықтан заң, медицина, техника, экономика, әлеуметтану, саясаттану және тағы басқа салалардың өзіне тән терминдері мен атау сөздерін қамтитын 30 томдық сөздікті қайта пысықтаудың да уақыты келді» - дейді Дәуітәлі Омашұлы.

Қазақстандағы мемлекеттік терминологиялық жұмыс тұжырымдамасында терминологиялық ахуалға сипаттама беріліп, ұлттық терминологияны дамытудың негізгі міндеттері белгіленді.

«Олардың бәрін тізбей-ақ бір - екеуіне тоқталайық. Біріншісі: «Мемтерминкомның мәртебесі өзгертіліп, оның міндеттері, құрылымы қайтадан қаралып, жаңа бағыттары белгіленген ресми орган ретінде бекітілуі қажет», - дейді. Екінші: мемтерминком қабылдаған сөздерді Үкімет қаулысымен бекіту қажеттігі айтылады. Ал енді алға қойылған осы міндеттердің орындалуы қалай? Тұжырымдамада Мемтерминкомды мемлекеттік орган ретінде құру бірінші міндет ретінде белгіленгенімен, ол әлі күнге шешімін тапқан жоқ. Терминком бекіткен сөзді алуға да, алмауға да болады, өйткені ол кеңесші орган» - дейді ол.

Оның айтуына қарағанда, Терминком қабылдаған сөздер Үкіметтің қаулысымен бекітілсін деген нұсқау да орындалған жоқ.

«Сондықтан Тұжырымдамада белгіленген міндеттердің орындалу жайына мониторинг жүргізіп, терминология үшін аса маңызды міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету керек. Заң жобаларымен жұмыс істеу барысында терминологияға қатысты көптеген проблемаларға кезігіп жүрміз. Бұл жалпы термин жасау ісіне де тән проблемалар, өйткені экономиканың, ғылым мен білімнің, техниканың түрлі салалары бойынша ұлттық терминологияны қалыптастырып, жетілдіріп отыру күн тәртібінен түспейтін мәселе. Бұл ұзақ уақытқа созылатын іс екендігін бәріміз де жақсы білеміз» - деді бөлімінің меңгерушісі.

Өзгелердің жаңалығы