Ақтөбеде мемлекеттік қызметкерлер жазаланды

6 Наурыз 2019, 11:17
2169
Бөлісу:
Ақтөбеде мемлекеттік қызметкерлер жазаланды

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбеде көлікті масаң күйде басқарған мемлекеттік қызметкерлер жазаланды. Облыстың Темір және Қобда аудандарындағы ауыл шаруашылығы мен ветеринария салаларының қызметкерлері облыстық әдеп кеңесіне келді.

Ақтөбе облысының әдеп кеңесінің кезекті отырысында үш мемлекеттік қызметкерге қатысты тәртіптік іс қаралды. Екеуі аймақтағы ветеринария саласының қызметкерлеріне қатысты. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Темір аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Дәурен Жақсығали жеке көлігінбасқаруды масаң күйдегі адамға сеніп тапсырған. Ол жолға шығарда құлап, шынашағын сындырып алғанын айтады. Автокөлігін айдауға мүмкіндігі болмаған Дәурен Жақсығалиев көлік жүргізуді досына берген.

«Аудан орталығынан шығып, көрші ауылға садақаға бара жатқанбыз. Шынашағымды сындырып алған соң көлік жүргізуді қиынсынып, қасымдағы досыма автокөлігімді басқаруды ұсындым. Бірақ, мен одан алдымен жүргізуші куәлігің бар ма деп сұрап алдым. Бар екенін растады. Кейін жолда ол шөлдедім деп, жол бойындағы дәмханадан су ішіп шығатынын айтып, кіріп кетті. Сол кезде ішкен болып тұр ғой. Бірақ менің оның ішкенін патрульдік полиция қызметкерлері тоқтатқанда ғана бір білдім»,- деді Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Темір аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Дәурен Жақсығали.

Аудандық аумақтық инспекция басшысы мен оның досын 3 жылға дейін көлік басқару құқығынан айыру туралы сот шешімі шыққан. Алайда, мемлекеттік қызметкер өз кінәсін басында мойындағысы келмеді. Тіпті, әдеп кеңесінің мүшелерімен әзілдескен Жақсығалидың жазасын кеңес төрағасы қатаңдатуды сұрады.

«Бұл жерде әзіл айтудың қажеті жоқ. Ойыншық емес. Дегенмен, тәжірибелі адам сияқты. 3 жыл көлік басқару құқығынан айырылған екен. Жазасын алды деп ойлаймын. Оған қатаң сөгіс жариялайық»,-деді облыстық әдеп кеңесінің мүшесі.

Алдағы 3 жылда көлік басқара алмайтындардың бірі - Қобда аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Шахидолла Рахимов. Облыстық әдеп кеңесінің мүшелері оған да бірауыздан қатаң сөгіс жариялады. Шахидолла Рахимов көлікті мас күйінде өзі басқарыпты. Үйіне келген қонақты шығарып салып, жұбайы ауырған соң дәріге кеткен басшыны жол сақшылары ұстап алған. 

«Бұл жерге келудің өзі маған қиын болды. Өкінемін. Кінәмды мойындаймын. Жұбайымның астмасы бар еді. Дәрісін дүкенге ұмытып кеткен екен. Соны алып келуге шыққан едім. Жолдан жол сақшылары ұстп алды»,-деді Қобда аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Шахидолла Рахимов.

Облыстың Шалқар аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүләйім Бисенқызының да жазаланды. Ол "Интергаз Орталық Азия" АҚ-ы жобасына қатысты химиялық заттарды түсіретін орын беру туралы шешім қабылдағанда қателік жіберген. Облыстық экология департаментіне аудан тұрғындары арыз түсірген.

«Кінәлімін. Шешім шығарарда үнемі облыстық департаментпен кеңесетін едім. Сол уақытта есеп тапсыруға асығып жүрген кезім болғандықтан химиялық зат түсіретін орынның елді мекеннен қашықтығын байқамай қалыдым. Шешім шығарарда қателескенімді мойындаймын»,-деді Шалқар аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүләйім Бисенқызы.

Басқарма басшысы «қызметіне толық сәйкес келмейді» деген шешімді облыстық әдеп кеңесі қабылдады. 

Өзгелердің жаңалығы