Мемлекеттік Туды балкондарға ілуге болады ма?

14 Қыркүйек 2023, 02:25
1075
Бөлісу:
Мемлекеттік Туды балкондарға ілуге болады ма?
Фото: BAQ.KZ

Туризм және спорт министрлігі мемлекеттік Туды пайдалану ережелеріне өзгеріс енгізбек, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жеке тұлғаларға тиесілі ғимараттарда, үй-жайларда (үй-жайлардың бөлігінде, балкондарда) Мемлекеттік Ту көлбеу түрде (45 градустан аспайтын болуы тиіс), 3 метрден төмен емес биіктікте орналастыруға рұқсат етіледі. Мемлекеттік Ту 1х2 метр өлшемде болуы тиіс, - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған үкімет қаулысының жобасында.

Қазіргі қолданыстағы заңнама талабында мұндай норма жоқ. Сонымен қатар қаулыға тағы бірнеше өзгеріс енгізілмек. Атап айтқанда, енді мемлекеттік Тудың бейнесі әскери немесе өзге де мемлекеттік қызмет атқаратын адамдар үшін белгіленген айырым белгілері мен нысанды киім үлгілерінде, мемлекеттік наградалардың элементі, геральдикалық негізі ретінде, сондай-ақ спортшылардың спорттық костюмдері мен басқа да спорттық керек-жарақтарына пайдалануы мүмкін.

Дегенмен бұл ретте мынаған тыйым салынады:

Мемлекеттік Туды қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдар жалаулары, мөрлері және таңбаларының геральдикалық негізі ретінде пайдалануға болмайды.

Бұған қоса қаулының жаңа тармағына сәйкес, мына әрекеттер Туды қорлау болып саналады:

жырту, жағу, өртеу, қасақана жерге тастау, таптау, қоқысқа лақтыру;

коллаж жасау арқылы мемлекеттік туды қорлау, тыйым салынған және мақсатқа сай емес жерлерде пайдалану, әлеуметтік желілерді қоса алғанда Мемлекеттік Туды көпшілік алдында мазақ ету, балағаттау.

Қаулы 27 қыркүйекке дейін көпшілік талқылауда болады.

Өзгелердің жаңалығы