Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауына қатысуға өтінім қабылдап жатыр.
Байқаудың негізгі мақсаты – бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау, қазақ тіліндегі сапалы контенттің үлесін арттыру және мемлекеттік тіл саясатын қоғамда дәріптеу.
Байқауға кәсіби журналистер, теле- және радиоарна қызметкерлері, газет пен интернет-басылымдардың шығармашылық ұжымдары, сондай-ақ мемлекеттік тіл мәселелерін тұрақты көтеріп жүрген журналист-мамандар қатыса алады.
Байқау екі номинация бойынша өтеді:
- «Үздік мақала»;
- «Үздік теле/радиобағдарлама».
Қатысушылар 2026 жылғы 1 қаңтар мен 1 шілде аралығында жарияланған материалдарын ұсына алады. «Үздік мақала» номинациясына екі мақала, ал «Үздік теле/радиобағдарлама» номинациясына бір бағдарлама қабылданады.
Өтінімдер 2026 жылғы 1 шілде сағат 24:00-ге дейін til.jane.baq@gmail.com электрондық поштасына «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауына» деген белгімен жолдануы тиіс.
Байқау материалдары бірнеше негізгі өлшем бойынша бағаланады. Атап айтқанда, тақырыптың өзектілігі мен мазмұны, ұсынылған ақпараттың нақтылығы мен шынайылығы, мәселені талдау тереңдігі және материалды жеткізу шеберлігі ескеріледі. Сонымен қатар қазылар алқасы үміткерлердің мультимедиалық сторителлингті, заманауи медиатехнологияларды және дата-журналистика элементтерін пайдалану деңгейіне де назар аударады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурсқа ұсынылатын жұмыстар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, оның қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталып, қазақ тілін дамытуға қатысты өзекті мәселелер мен оларды шешудің тиімді жолдарын қамтуы тиіс.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар арнайы дипломдармен, алғысхаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Жеңімпаздар туралы ақпарат байқау аяқталғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде жарияланады.
Қосымша ақпаратты 8-777-114-66-83 телефоны арқылы алуға болады.
Байқауға өтінім жазу үлгісін мына жерден көре аласыздар.
Айта кетейік, 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні. Соңғы жылдары Қазақстанда медиа саласын реттейтін заңдар жаңартылып, журналистердің құқықтық мәртебесі күшейтілді. Сонымен бірге кәсіби жауапкершілікке қойылатын талаптар да артты.
Тағы оқи отырыңыз: Журналист мәртебесі қалай өзгерді? Қазақстандағы БАҚ саласындағы басты өзгерістер