Мемлекеттік тапсырыс еңбек нарығының сұранысына сәйкес келмейді – Саясат Нұрбек

29 Қазан 2022, 18:48
1113
Бөлісу:
Мемлекеттік тапсырыс еңбек нарығының сұранысына сәйкес келмейді – Саясат Нұрбек
PHOTO

Ірі мегаполистер жастарды аймақтардан «тартып алады», бірақ оларға білім алып, өздерін дамытуға мүмкіндік бермейді. Бұл туралы Ақмола жұртшылығымен кездесу барысында  Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Белгілі бір мамандықтар бойынша бөлетін гранттар саны және еңбек нарығының мамандарға деген нақты қажеттілігі бір-біріне сәйкес келмейді. 

Мемлекеттік тапсырыс еңбек нарығының сұранысына сай емес. Нәтижесінде көптеген ЖОО түлектері мамандықтары бойынша жұмыс істемейді. Бұл бұған дейін де айтылып келе жатқан мәселе. Оның нәтижесі бәріне белгілі: бүгінгі таңда заңгер дипломы әрбір екінші адамда бар деуге болады. Қазір күректей дипломы бар даяшылар, фотографтар маникюр жасаушылар неге көбейіп кетті?  Міндет – кадрларды өңірлердің қажеттілігіне қарай даярлап, содан кейін олардың сол өңірлерде қалуын қадағалау керек. Енді әр өңірде сұранысқа ие мамандықтар картасы даярланатын болады. Бұл карталарды жасау әдістемесі әзірленіп, сынақтан өткізілді, гранттарды бөлуде жоғарғы ұлттық университеттерге емес, өңірлік жоғары оқу орындарына баса назар аударылатын болады, - деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Министр атап өткендей, еліміздегі демографиялық өсу урбанизация үдерістерімен тұспа-тұс келді: ірі қалалар өңірлерден жастарды «тартып алады», бірақ оларға мамандық бойынша жұмыс бере алмайды. Мысалы, инженерлік-техникалық мамандықтарға түскен талапкерлердің 60% - дан астамы Алматыда оқиды. Бірақ онда өндірістің жоқтығынан инженерлер қажет болмайды. Сондықтан жастарды ЖОО-да оқуға ғана емес, өңірде жұмыс істеуге де қызықтыру қажет.

Бүгінгі студенттер саны – 623 мың. 2025 жылға қарай екі есеге өседі. Ал кейбір жоғары оқу орындарында студенттердің саны жоспардан бірнеше есе көп. Жатақханаларда орын тапшылығы бүгінде еліміз бойынша 87 мыңға жетті. Инфрақұрылым қажет.

Жақында Петропавлда АҚШ-тың Аризона университетінің филиалы ашылып, аймаққа еліміздің алты өңірінен студенттер оқуға келді. Белгілі халықаралық университеттердің филиалдары басқа салаларда да ашылуда. Іс жүзінде бұл өзгеріс жолындағы елеулі қадам, – деді министр.

Ол бұл ретте ЖОО-ларға жатақханалар салу үшін жеке инвестицияларды тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Ғылымның дамуы да маңызды тақырып болды. Министрдің айтуынша, саланы қаржыландыру елдің ЖІӨ-нің небәрі 0,13%-ын құрайды. Осының салдарынан серпінді жобалар жетіспейді. Ғалымдардың еңбегіне ақы төлеуде де мәселе бар. Ғылым докторлары тұрмыстық мәселелерге  алаңдамауы үшін оларға лайықты жалақы төленуі тиіс.

Отандық ғалымдардың жұмыстары іс жүзінде қолданылмайды. Ғалымдар гранттарды игеруде. Алайда, біздің ғылым өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығына және басқа салаларға қандай өзгеріс әкелді? Адамдар үшін күнделікті пайдаланатын қарапайым өнімдер өндіру қажет. Ғылым қолданбалы болуы керек, – деді Саясат Нұрбек.

Кездесуде «ҚР Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орындарына емтихансыз қабылдау туралы бастамасы қаншалықты пайдалы?» деген мәселе көтерілді.

Қорғаныс мәселесі қашанда өзекті. Бірақ онша құлық танытпай отыр. Әскери қызмет барысында үздік көрінген сарбаздар ҰБТ тапсырмай-ақ оқуға түсуге мүмкіндік алады. Біз бұл бастаманы қолдадық. Бірақ мемлекеттік гранттар ҰБТ нәтижелері бойынша ғана беріледі. Ал әскерден кейін емтихансыз түсетін студенттер ақылы немесе жоғары оқу орындарының гранттары бойынша оқиды. Оларды Қорғаныс министрлігімен меморандумға қол қойған жоғары оқу орындарының өздері іріктейтін болады. Бұл шетелде қалыпты тәжірибе. Онда көптеген адамдар, соның ішінде мигранттар жоғары білім алу үшін әскерге барады. Армия жастарды патриотизмге тәрбиелеудің маңызды факторы, - деп түйіндеді Саясат Нұрбек.

Өзгелердің жаңалығы