Мемлекеттік саясатта адами капитал мен елдің зияткерлік әлеуеті басымдыққа ие – сарапшы

2 Маусым 2022, 13:12
1875
Бөлісу:
Мемлекеттік саясатта адами капитал мен елдің зияткерлік әлеуеті басымдыққа ие – сарапшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚСЗИ саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Ермек Тоқтаров мәлімдеді. 

Мемлекет басшысы Ұлттық ғылыми академиясының сессиясында сөйлеген сөзінде өте маңызды мәселені көтерді. Біріншіден, шын мәнінде ғылыми зерттеулер үшін қаржылық мүмкіндіктердің ауқымы кеңейді. Бұл ғалымдарға алдарына аса күрделі міндеттерді қойып, ғылымға жоғары білікті мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беру академиктер қауымдастығынан үлкен жаңалықтарға жол ашады, - деп атап өтті саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі. 

Сондай-ақ ол жас ғалымдарға ерекше көңіл бөлінетіндігіне тоқталды. 

Екіншіден,  жас ғалымдар мен олардың зияткерлік әлеуетіне аса назар аударылады. Ғылымға еңбек ететін мамандар даярлау зерттеу университеттерінен басталып, докторантурада жалғасын табады және постдокторантураның бағдарламасында беки түседі. Бүгінгі таңда елімізде білікті кадрлар даярлаудың толық циклі бар. Осы ресурстарды тиімді әрі ұтымды пайдаланудың маңызы зор. Жақын болашақта қабылданатын іс-шаралар мультипликативтік нәтижеге алып келері сөзсіз. Жалпы біз мемлекеттік саясатта адами капитал мен елдің зияткерлік әлеуеті басымдыққа ие екендігін көріп отырмыз, - деді сарапшы. 

Еске сала кетейік, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты сессияда Білім және ғылым министрлігін екі ведомствоға бөлуді ұсынған болатын. Мемлекет басшысы олардың бірі жоғары білім және ғылым мәселелерімен айналысатынын алға тартты. Сондай-ақ Президент ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасын арттыру мәселесіне де тоқталды.  

Өзгелердің жаңалығы