Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Назарбаев университетінде өткен «Болашаққа дайын түлектер» VIII Еуразиялық жоғары білім көшбасшыларының форумына қатысты.
Шараға ҚР білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Назарбаев университетінің президенті Шигео Катсу, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ, ҚР жоғары оқу орындарының басшылары, оқытушылары мен студенттері қатысты.
Вице-премьер өз сөзінде Елбасы Н. Назарбаевтың сөзін келтірді.
«Цифрлық қоғам мен білім экономикасы бар жаңа жаһандық өркениет туындауда және біздің еліміз осы уақыт талаптарына сай болуы керек. Ал жастар еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы болуы тиіс» - деді ол.
Г. Әбдіқалықова Форум магистральды идеялар мен адами капиталды дамыту жобаларын әзірлеудің жүйелік алаңына айналғанын атап өтті.
"Қазақстанда мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі – білім беруді дамыту. Көп деңгейлі жүйе жұмыс істеуде. Заңнамалық база жетілдірілуде. Үдемелі дамудың бірден бір куәсі ол жоғары оқу орындарының санын 131-ге дейін артуы, оларда 540 мыңнан астам студент білім алуда" - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Бүгін Назарбаев Университеті – елімізде жоғары білім берудің флагманы. Осы жылы университет қабырғасынан 963 студент бітіргелі отыр, оның ішінде бакалаврлар – 565, магистрлер – 378 және PhD докторлары – 20.
Форумда үздіксіз білім беру тұжырымдамасы, сондай-ақ болашақ көшбасшыларды тәрбиелеу мен индустриалды-академиялық экожүйені қалыптастыру мәселелері жан-жақты талқыланды.