Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді бұрмалау, қорлау немесе оларды орынсыз пайдалану үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сарапшылар әсіресе әлеуметтік желідегі контент авторлары мен блогерлерге мемлекеттік нышандарды қолдануда заң талаптарын сақтауға шақырды.
Блогерлерге қандай шектеулер бар?
Заң ғылымдарының докторы Алуа Ибраеваның айтуынша, блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушылары мемлекеттік рәміздерді пайдалана алады, алайда оларды еркін өзгертуге немесе мазмұнын бұрмалауға болмайды.
Ол мемлекеттік рәміздердің ресми нұсқаларын ғана қолдануға кеңес берді.
Мемлекеттік рәміздердің түс гаммасын өз мүддесіне қарай өзгертуге болмайды. Сондай-ақ оларды қорлайтын, күлкілі контексте, карикатураларда немесе анимациялық форматта қолдану ұсынылмайды. Мемлекеттік рәміздерге өте ұқыпты қарау керек. Бұл жай ғана белгі емес, ол заңмен қорғалады, – деді заңгер Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сарапшының сөзінше, мемлекеттік рәміздерді қорлайтын немесе олардың маңызын төмендететін кез келген еркін интерпретацияға жол берілмейді.
Әлеуметтік желідегі бұрмалау үшін қандай жаза қарастырылған?
Қауымдастырылған профессор Әсел Шәріпова қазіргі цифрландыру дәуірінде мұндай құқықбұзушылықтардың жаңа сипат алғанын айтты. Оның айтуынша, интернеттегі жарияланым өшірілген күннің өзінде ол сақталып қалады.
Бүгінде цифрлық әлемде бәрі сақталып қалады. Жазба кейін өшірілгенімен, оны басқа қолданушылар сақтап қалуы, скриншот жасауы мүмкін. Кейін оның құқықтық салдары туындайды, – деді ол.
Шәріпова мемлекеттік рәміздерге қатысты жауапкершілік бірнеше деңгейде қарастырылғанын түсіндірді.
300 АЕК айыппұлдан екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар
Сарапшының айтуынша, Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 372-бабында мемлекеттік рәміздерді қорлау үшін жауапкершілік бекітілген.
Бұл бап бойынша кінәлі деп танылғандарға:
– 300 АЕК-ке дейін айыппұл;
– 900 сағаттан астам қоғамдық жұмыстар;
– бас бостандығын шектеу;
– екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сонымен қатар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте де жаза көзделген.
Мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін бұзғаны үшін 50 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Егер мұндай құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі 100 АЕК-ке дейін өседі, – деді Әсел Шәріпова.
Қандай заңбұзушылықтар жиі кездеседі?
Сарапшылардың айтуынша, қазіргі кезде мемлекеттік рәміздерді қорлайтын мемдер, өзгертілген суреттер мен әзіл форматындағы контент жиі кездеседі.
Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін құқықтық сауаттылықты мектептен бастап қалыптастыру маңызды екені айтылды.
Әсел Шәріпова мектептерде құқық негіздері пәні оқытылатынын, олимпиадалар мен емтихандарда мемлекеттік рәміздерге қатысты сұрақтар қамтылатынын атап өтті.
Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – заң талабы ғана емес, елдің егемендігіне деген құрметтің де көрінісі.
Еске салайық, бүгін, 4 маусым – Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні атап өтіледі. Бұл мереке 1992 жылы тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы алғаш рет ресми түрде бекітілген тарихи күнге орай белгіленген.