Мемлекеттік қызметті дамыту мәселелері талқыланды

Бүгiн, 13:50
186
Бөлісу:
Мемлекеттік қызметті дамыту мәселелері талқыланды
Фото: Парламент Сенатының баспасөз қызметі

Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің пікірталас алаңында өткен «Қазіргі заманғы мемлекеттік қызмет: тең жағдайлар мен мүмкіндіктер» тақырыбына арналған отырысқа қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыстағы мемлекеттік қызметшілермен кездесу барысында сенатор бұл салада еліміздің барлық азаматы үшін тең жағдай жасаудың мәні зор екенін атап өтті.

Сондай-ақ ол заманауи мүмкіндіктер мен ұлттық құндылықтарды сақтаудың үйлесімді жолын табудың маңызды екеніне назар аударды. Депутат әлемнің қазіргідей қарқынды дамуы жағдайында жастарға мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар арқылы мансаптық өсу және бизнес-идеяларын іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктер берілетінін де тілге тиек етті.

Қазіргі таңда жастарымыз өздерінің жоспарларын іске асыру үшін зор мүмкіндіктерге ие. Жас буынды қолдауға арналған түрлі бағдарламалар бар. Жұмыспен қамтамасыз етуден бастап, өз бизнесін ашып, инновациялық идеяларын іске асыруға ықпал ететін гранттарға дейін беріледі. Мұндай бастамалар жаңа биіктерге жол ашып, ілгері ұмтылған әр азаматқа мақсатына жету үшін қажетті жағдай туғызады. Алайда, жаңа идеяларды іске асырып, тіл үйреніп, заманауи бағдарламаларды меңгере отырып, біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды да ұмытпауымыз керек. Өйткені ол – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық коды. Одан ажырауға болмайды. Сол арқылы біз мәдени бірегейлігімізді және болмыс-бітімімізді сақтаймыз. Сондықтан жаңа жағдай мен тәсілдерді төл құндылықтарымызға бейімдей отырып, әрекет етудің берері мол, – деді Ғалиасқар Сарыбаев.

Сонымен қатар Парламент депутаты Жетісу облысы мемлекеттік архивінің қызметкерлерімен кездесті. Онда архив ісінің қазіргі жай-күйі мен келешегі, бұл салаға ғылыми жетістіктер мен цифрландыру технологиясын енгізу және құжаттарды сақтау мен оларға қолжетімділік мәселелері талқыланды.

Өзгелердің жаңалығы