Мемлекеттік қызметшінің бейнесі адамдарға жақын болуы керек - Аида Балаева

22 Маусым 2023, 13:07
1082
Бөлісу:
Мемлекеттік қызметшінің бейнесі адамдарға жақын болуы керек - Аида Балаева
Фото: Артём Чурсинов

Бұл туралы Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының төрағасы Аида Балаева айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін елордада қызметте жүрген әйелдер «Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі әйелдердің рөлі» тақырыбында пікір алмасты

Кез келген саяси реформаның рухани өзгеріссіз мәні де, мағынасы да болмайды. Сондықтан қасиетті Түркістанда өткен екінші Құрылтайда Мемлекет басшысы еліміздің жаңа рухани идеологиялық стратегиясын ұсынды, - деді Балаева.

Айтуынша, бұл бастама 8 бағыттан тұрады.

Президент өз сөзінде ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға, қазақстандықтарды тәрбиелеуге, әкелік құндылықтарды нығайтуға бағытталған бірқатар идея айтты. Осы жолда еліміз үшін бірлік пен ортақ тірлікке ешқандай балама жоқтығын, бұл біздің ертеңіміздің бірден-бір кепілі екенін еске салды. Бұл ретте мемлекеттік қызметшілер ретінде біздің негізгі міндетіміз – тұрақтылық пен ынтымақты сақтаудағы мемлекеттік басымдықтарды тиімді іске асыру. Үйімізде бейбітшілік болса, өмірімізде бақыт орнайды. Осыны өздеріміздің жүрегімізде үнемі сақтап, халыққа жеткізе білуіміз керек, - деп айтты Аида Балаева.

Спикер сонымен қатар алдағы уақытта білім мен ғылым, мәдениет пен өнер, әдебиет пен кино салаларында нақты жобалар жүзеге асырылатынын жеткізді.

Бұдан былай олардың саны емес, мазмұны мен сапасына және бастысы нақты идеологиялық салмағына мән берілуі керек. Ең ауқымды бағыт – еңбекқорлық, адамгершілік, білім болу, өз ісіне жауапты болу сияқты қоғамның жаңа әдебін қалыптастыру. Бұл міндетті шешуде ең алдымен отбасының рөлін атап өтуіміз керек. Өйткені жоғарыда айтылған әрбір құндылық жанұяда ананың сүтімен, әкенің сөзімен қалыптасады. Бұл кез келген азаматтың өз өмірін құратын іргетасы, - деп түсіндірді ол.

Айтуынша, қазіргі қазақстандық әйелдер де осы құндылықтардан бас тартпай, толыққанды өмір сүру, өзін таныту, қоғамдық және саяси белсенді болу мүмкіндіктері де тең.

Еңбекқорлық – ол ұлтты біріктіретін басты қасиеттердің бірегейі. Олай болса, біздің міндеттеріміз – қызметте де, күнделікті өмірде де қажырлы және жасампаз еңбектің маңыздылығын ілгерілету. Оған өзіміз үлгі болуымыз керек. Мемлекеттік қызметшінің бейнесі адамдарға жақын болуы тиіс. Халық маңызды мәселелерді шешетін шенеунікті ғана емес, сенім тудыратын тірі жанашыр адамды білуі керек. Бұл әсіресе, қазіргідей БАҚ пен әлеуметтік желілерде мемлекеттік қызметшілерге ерекше көз тігіп отырған заманда өте өзекті мәселе, - деп атап өтті Аида Балаева жиында.

Өзгелердің жаңалығы