Мемлекеттік қызмет туралы заң Конституцияға сәйкестендірілді

Бөлісу:
Мемлекеттік қызмет туралы заң Конституцияға сәйкестендірілді
Фото: архив

Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерді Конституция нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Снежанна Имашеваның айтуынша, ол нормалар мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы қамтиды.

Конституциялық Сот “Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы” заңды мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан босатылған азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруіне мерзімсіз тыйым салуды белгілеу бөлігінде Конституцияға қайшы келеді деп тапты. Қолданыстағы нормада мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы құқық бұзушылықтар үшін тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шараларынан туындайтын құқықтық шектеулердің мөлшерлестігі жоқ.

Осыған байланысты түзетулермен мемлекеттік қызметтен босатылғандар үшін мынадай шектеу мерзімдерін белгілеу ұсынылады: 1 жыл – Қазақстан заңдарында немесе қызметтік этикада белгіленген шектеулерді сақтамағаны үшін, 2 жыл – тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін (қазіргі уақытта өмір бойына тыйым салу белгіленген), 3 жыл – әкімшілік сыбайлас жемқорлық немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін (қазіргі уақытта 3 жыл шектеу), 5 жыл – онша ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыс жасағаны үшін (қазіргі уақытта 3 жыл шектеу).

Бұл ретте сыбайлас жемқорлық, ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған, сондай-ақ қылмыстық топтың құрамында қылмыс жасаған адамдарға мерзімсіз шектеу сақталады.

Өзгелердің жаңалығы