Мемлекеттік қызмет көрсету саласын жетілдіру мәселелері талқыланды

10 Шілде 2024, 16:03
411
Бөлісу:
Мемлекеттік қызмет көрсету саласын жетілдіру мәселелері талқыланды
Фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде агенттік төрағасы Дархан Жазықбайдың басшылығымен сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және оның қызметін бюрократиядан арылту мәселелері жөніндегі Консультативтік-сараптамалық топтың кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Отырысқа Консультативтік-сараптамалық топтың мүшелері Е. Л. Устемиров, О. А. Худайбергенов, Р. В. Коняшкин, Президент Әкімшілігінің, Үкімет Аппаратының, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің лауазымды тұлғалары, «Азаматтарға арналған үкімет «мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ, «ҰАТ» АҚ, Цифрлық үкіметті қолдау орталығының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері Б.Г. Нұрғазиева, Б. Ш. Ағыбаева, сондай-ақ орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар бейнеконференцбайланыс арқылы қатысты.

Күн тәртібінде мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша жаңа тәсілдер және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ұсыну рәсімдерін жетілдіру аясындағы 17 бағыт бойынша жүргізілген талдау қорытындылары қаралды.

МҚІА Төрағасы Дархан Жазықбай Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына мемлекеттік басқарудың сервистік және «адамға бағдарланған» моделін қалыптастыру негізгі талап ретінде айқындалғанын, осыған сәйкес азаматтар мен олардың әл-ауқаты басты құндылық саналатынын айтты.

Мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін үнемі жетілдіру біздің жұмысымыздағы негізгі ұстанымдардың бірі. Бұл жұмысты орындау кезінде жеке мүддеден көрі қызметті алушылардың мүдделері мен заңды құқықтары басты орында тұруы қажет, - деп атап өтті Дархан Жазықбай.

Биыл «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңның қабылданғанына 11 жыл толып отыр. Оның жекелеген нормаларының жеткілікті уақыт сынақтан өткенін және құқық қолдану тәжірибесі қалыптасқанын ескере келе, ережелерді қайта қарау, жаңа құқықтық институттарды енгізу қажеттігі туындағанын атап өту керек.

Қоғам талаптары мен қажеттіліктеріне жауап беретін сервистік мемлекетті қалыптастыру мақсатында Агенттік мемлекеттік қызметтерді көрсетудің проактивті, композиттік, эксаумақтық тәсілдерін заңнамалық деңгейде белгілеуді ұсынады.

Мәселен, мемлекеттік қызметтерді көрсетудің проактивті тәсілі енгізілген кезде қызмет көрсетуші мемлекеттік органдар азаматтарға олар өтініш бермей-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсетуге ұсыныс жасайтын болады, ал композиттік әдіс «бір өтініш» негізінде өзара байланысты бірнеше мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алу рәсімдерін жеңілдететін «формальді себептерге байланысты бас тартуға жол бермеу», «озыңқы өтініштер жүйесіне» көшу сияқты жаңа құқықтық институттарды енгізу ұсынылды.

Мысалы, «формальді себептерге байланысты бас тартуға жол бермеу» азаматтарға құжатты қажет жағдайда түзету арқылы бас тартусыз алуға мүмкіндік береді, ал «озыңқы өтініштер жүйесі» азаматтарға мемлекеттік қызметтің қолжетімділігі қамтамасыз етілгенге дейін «күту парағында» болуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, отырыстың күн тәртібіндегі мәселелерді қарау барысында Агенттік өкілдері мемлекеттік қызмет көрсету процесіне тиісті қорытынды немесе келісім беретін өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдар қатыса алатынына назар аударды. Осыған байланысты олар үшін мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша құқықтар мен міндеттерді айқындау, оларды келісу мерзімдері мен тәртібін белгілеу ұсынылды, бұл олардың жауапкершілігін арттырады.

Отырыста сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету үдерістерін кешенді талдау нәтижелері және оның қорытындысы бойынша әзірленген, яғни осы үдерістерді жақсартуға бағытталған жүйелі ұсыныстар қаралды.

Бұған дейін, Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және 29 орталық орган өкілдерінің қатысуымен Тізілімге енгізілген барлық мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша тыңдаулар ұйымдастырған болатын.

Қолданыстағы тізілімді талдау нәтижесінде мемлекеттік қызметтің тек 3% - проактивті форматта, 8% - композиттік, ал 68% - эксаумақтық тәсілдермен көрсетілетіні анықталды.

Бірыңғай тәсілдерді қамтамасыз ету мақсатында МҚІА әзірлеген 17 бағыт бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету рәсімдерін жетілдіру жөнінде арнайы бөлім арқылы мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау қағидаларын қайта қарау ұсынылды.

Ұсынылған 17 трансформациялық тәсіл проактивтіліктің, композиттіліктің, эксаумақтылықтың өсуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ құжаттардың мерзімдері мен санын азайтуды, анықтамалық қызметтерді, толыққанды емес немесе жартылай көрсетілетін қызметтерді алып тастауды және осы саланың сервистілігін арттыруға бағытталған өзге де шараларды көздейді.

Жүргізілген талдау нәтижесінде Агенттік 30 мемлекеттік көрсетілетін қызметті эксаумақтық форматқа, 251 мемлекеттік көрсетілетін қызметті проактивті форматқа, 72 мемлекеттік көрсетілетін қызметті композиттік форматқа ауыстыру бойынша, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін қысқарту бойынша 273 ұсыныс әзірледі.

Бұл қағидаларды мемлекеттік қызметтер көрсетудің бизнес-процестеріне реинжиниринг жүргізу және оларды көрсету қағидаларын әзірлеу кезінде мемлекеттік органдар басшылыққа алатын болады.

Мысалы, кейбір қызметтерді көрсету мерзімінің басым бөлігі мемлекеттік органдармен келісу рәсіміне жұмсалатыны анықталды. Осыған байланысты Агенттік келісу рәсімі бар қызметтер бойынша бизнес-процесті цифрландыру арқылы, оны автоматты түрде жүзеге асыруды ұсынды.

Сонымен қатар, талдау барысында қызметтерді көрсету мерзімдерін есептеу кезінде бірыңғай тәсіл жоқ екендігі анықталды. Мәселен, нормативтік құқықтық актілерге сәйкес қызметтерді көрсету мерзімдері жұмыс немесе күнтізбелік күндерде есептелуі мүмкін.

Осыған орай, Агенттік тарапынан қызметтерді көрсету мерзімдерін біркелкі қолдану мақсатында, яғни демалыс және мереке күндерінде берілу мүмкін (қажеттілігіне байланысты) мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, мерзімдерді күнтізбелік күндерден жұмыс күндеріне ауыстыру мәселесін қарастыру ұсынылды.

Консультативтік-сараптамалық топ отырысының қорытындысымен орталық және жергілікті атқарушы органдарға, отырыста аталып өткен ұсыныстарды жүзеге асыруға қатысты бірқатар шешімді шаралар қабылдау, сондай-ақ цифрландыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды ескере отырып, мемлекеттік қызметтер көрсету рәсімдерін жетілдіру бойынша одан әрі жалғасатын жұмыстарды қамтитын іс-шаралар жоспарын бекіту ұсынылды.

Өзгелердің жаңалығы