Әнуар Сүлейменов Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың 2023 жылғы 5 шілдедегі № 550 Ж/Қ бұйрығымен Әнуар Сүлейменов ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды. Бүгін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Аппарат басшысы Ерғали Егемберді жаңадан тағайындалған Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Әнуар Сүлейменовті Мемлекеттік кірістер комитетінің басшылық құрамына таныстырды, - делінген комитет хабарламасында.
Сүлейменов Әнуар Айдарбекұлы 1986 жылғы 24 мамырда Талдықорған қаласында дүниеге келген.
Білімі жоғары, Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясын «қаржы» мамандығы бойынша, Тұран университетін «құқық» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2008 жылғы қазан айында Алматы облысы бойынша Салық комитетінде жетекші маман қызметінен бастаған.
2010 жылғы шілдеден бастап Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түрлі құрылымдық бөлімшелерінде жетекші маман, бас маман, бөлім басшысы, басқарма басшысы болып жұмыс істеген.
2019 жылғы маусымнан бастап ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің қашықтықтан мониторинг басқармасының басшысы, 2021 жылғы тамыз айынан бастап әкімшілендіру департаментінің директоры, 2021 жылғы тамыз айынан бастап ірі салық төлеушілер департаментінің директоры.