БҚО бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органдарындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне соңғы 5 жылда жасалған талдау қорытындысы осындай. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің БҚО бойынша департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.
2019-23 жылдар аралығында "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы бойынша қалалық және аудандық жұмыспен қамту орталықтары арқылы алынған жалпы сомасы 63 млн теңгенің 121 гранты мақсатсыз пайдаланылған. Бүгінде қаржыны қайтару бойынша жұмыс жүріп жатыр.
Мәселен, Р.Н есімді тұрғын ателье ашпақ болған. 505 мың теңге грантқа тігін машинасын, үтік т.б жабдықтар алуы тиіс еді. Алайда қаражатты жеке қажетіне жаратып жіберген. Жалпы өңірде бизнесті дамытуға грант алған 59 кәсіпкер әлі күнге бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын растамаған.
Бұл жағдайда жосықсыз грант алушылардың бюджет қаражатын ысырап етуі айқын аңғарылады. Нәтижесінде нәтижелі жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар орындалмай қалу қаупі бар, - дейді департамент өкілдері.
Сондай-ақ, кәсіптік оқудан өткен жұмыссыздарды қағаз жүзінде жұмыспен қамту фактілері де жиі кездеседі. Мысалы, Жәнібек ауданындағы кәсіптік колледжде «аспаз» мамандығы бойынша 2023 жылдың аяғында 15 адам оқыған. Еңбек ұтқырлығы орталығының мәліметтері бойынша кейін олардың барлығы да шаруа қожалықтарына жұмысқа орналасқан. Алайда, қысқа мерзімді курсты тәмамдаған 15-тің 10-ы шын мәнісінде еш жерде еңбек етпейтіні, шаруа қожалықтары атынан аударылған зейнетақы төлемдерін өз қалталарынан төлеп жүргені анықталды.
Тайыр Жәнібек