Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы үшін тарихи күн – 30 жылдық мерейтойға арналған пошта маркасы салтанатты түрде таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Қазпошта» АҚ алғаш рет «Естелік және мерейтойлық даталар» сериясы бойынша Академияның 30 жылдығына арналған пошта маркасын шығарды. Мерейтойлық марканы қолданысқа енгізу рәсіміне Академия ректоры Ерлан Әбіл және «Қазпошта» басқарма төрайымы Әсел Жанасова қатысты.
Академияның қалыптасу және даму тарихы мемлекетіміздің тарихымен тығыз байланысты. Академия мемлекеттік аппаратта адами капиталды арттыруға барынша үлес қосып келеді. Ректор бүгінгі шара оқу ордасы үшін тарихи әрі өте маңызды екенін айтты.
Мерейтойлық пошта маркасын шығару – біз үшін ерекше әрі алғаш рет болып отыр. Бұл Академия үшін ғана емес, еліміздің мемлекеттік басқару саласы үшін де тарихи оқиға. Академияның мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлі ерекше. Біз тек мемлекеттік органдармен ғана емес, сондай-ақ ұлттық компаниялармен, квазимемлекеттік ұйымдармен де тығыз байланыстамыз. Мақсатымыз – Президенттің алдымызға қойған мақсат-міндеттерін орындау, халықтың әл-ауқатын жақсарту бойынша жұмыс жүргізу. Серіктестік аясында Академияның Ассессмент-орталығы осы жылы «Қазпошта» қызметкерлерінің құзыреттіліктерін анықтады. Әріптестігіміз одан әрі жалғасады деген сенімдемін, – деді Ерлан Қуанышұлы.
«Қазпошта» басқарма төрайымы Әсел Жанасова Академияны мерейтойымен құттықтап, шараның маңыздылығын атап өтті.
Академия еліміздің болашағына, жаңа формациядағы беделді кадрларды даярлаудағы үлкен қызметтеріңізді бағалаймыз. Биыл біз «Қазпошта» қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды бастадық. Академия үлкен жетістіктерге жете берсін. Пошта маркасы – тарихта қалатын дүние. Келешек ұрпақ осы пошта маркалары арқылы тарихты еске алып отырады. Академияны бүгінгі тарихи мерекесімен құттықтаймын. Болашақта жетістіктерге бірге жете берейік, – деді Әсел Жұбанышқызы.
Қолданысқа енгізілген маркада Академия ғимараты және көк түсті 30 жылдық мерейтой логотипі бейнеленген. Бір парағында 4 маркасы бар естелік пошта маркасы төрт бояулы офсетті баспада жасалған, перфорациясы – жоталы. Марканың номиналы – 500 теңге, таралымы – 5000 дана. Академияның 30 жылдығына арналған пошта маркасын қолданысқа енгізу рәсімінде екі мекеме басшысы арнайы пошталық штемпельмен конвертке мөр басып, қолын қойды.