Мемлекеттік басқару академиясына оқуға қабылдау басталды

1 Сәуір 2024, 12:05
374
Бөлісу:
Мемлекеттік басқару академиясына оқуға қабылдау басталды
Фото: автордан Мемлекеттік басқару академиясы

Бұл туралы брифинг барысында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқу жылына қабылдау бойынша құжаттар онлайн форматта өтеді. Академияның арнайы ақпараттық жүйесі арқылы 1 сәуірден 26 маусымға дейін жалғасады.

Академияда мемлекеттік қызметшілерді даярлау 8 магистратура бағдарламасы және 3 докторантура бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметші емес тұлғаларға негізгі жұмысымен қатар оқуға болатын 2 модульдік бағдарлама қарастырылған. Мемлекеттік қызметшілерді даярлауға магистратура бойынша 120 грант, докторантура бойынша 12 грант бөлінген. Магистрлік білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыспен оқуға түсу үшін мемлекеттік қызметте кемінде 2 жыл, ал докторлық бағдарламалар үшін 5 жыл еңбек өтілі болуы қажет, - дейді ректор Ерлан Әбіл.

Грантқа қатысушылар мемлекеттік органның жолдамасын ұсынады. Оған мемлекеттік орган басшысы немесе аппарат басшысы қол қоюы қажет. Одан бөлек, шетелдік азаматтарды есептемегенде, барлық білім беру бағдарламаларына түсушілердің мемлекеттік тілді меңгеруі В1 деңгейінен төмен емес екенін растайтын Qazaq resmi test немесе ҚАЗТЕСТ сертификаты болуы міндетті.

Іріктеудің алғашқы кезеңі аналитикалық эссе жазу 29 маусымда нақты уақыт режимінде өтеді. Докторантураға үміткерлер зерттеу жұмысының жоспарын (Research proposal) 26 маусымға дейін жүктеуі керек, жоспарлар 7 шілдеге дейін бағаланады. Қорытынды кезең сұхбат болады. Ол 1-20 шілде аралығында Академия қабырғасында офлайн форматта өтеді. 22 шілде күні аралық қорытындыны шығарамыз. Алдын ала қабылданғандардың тізімін жариялаймыз, ал 5 тамызда келісімшарттарға қол қойылғаннан кейін оқуға қабылдау туралы бұйрық шығарылады, - дейді Ерлан Әбіл.

Өзгелердің жаңалығы