Мемлекеттік басқару академиясына оқуға қабылдау басталды

3 Сәуір 2023, 15:42
1760
Бөлісу:
Мемлекеттік басқару академиясына оқуға қабылдау басталды

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында магистратура және докторантураға оқуға құжат қабылдау басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Академияда өткен баспасөз мәслихатында ректор Ерлан Әбіл мәлімдеді.

Магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша үміткерлерден құжаттарды қабылдау 3 сәуірде басталып, 29 маусымға дейін жалғасады.

2023 жылы оқуға қабылдау 6 магистратура бағдарламасы және күндізгі оқу бөлімінде 3 докторантура бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады және өндірістен қол үзбей оқытылатын 2 модульдік бағдарлама бойынша жүргізіледі. Мемлекеттік қызметшілерді даярлауға Үкіметтен магистратура бойынша 120 грант, докторантура бойынша 12 грант бөлінген. Академияда ақылы түрде күндізгі бөлімде және модульдік форматта білім алуға мүмкіндік бар. Конкурстық іріктеудің алғашқы кезеңі онлайн форматта өтеді, ал сұхбаттасу кезеңінде үміткерлер Академияға шақырылады», – деді Ерлан Әбіл.

Бағдарламаға Мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ квазимемлекеттік және жеке сектордан үміткерлер конкурсқа қатыса алады.

Магистрлік білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыспен оқуға түсу үшін мемлекеттік қызметте кемінде 2 жыл еңбек өтілі және докторлық бағдарламаларға 5 жылдан кем емес жұмыс өтілі болуы керек.

Конкурстың бірінші кезеңі- аналитикалық эссе жазу. Ол 5 шілдеден 14 шілдеге дейінгі кезең арасында қарастырылған. Докторантураға үміткерлер Зерттеу жұмысының жоспарын (Research proposal) 29 маусымға дейін жүктеуі тиіс, жоспар 16 шілдеге дейін бағаланады.

Мемлекеттік грант бойынша оқуға түсушілер міндетті түрде мемлекеттік органның қолы қойылған жолдама ұсынуы керек. Шетелдік азаматтарды қоспағанда, барлық білім беру бағдарламаларына түсушілердің мемлекеттік тілді білу деңгейі В1 деңгейінен төмен емес екенін растайтын Qazaq resmi TEST немесе ҚАЗТЕСТ сертификаты болуы тиіс, - деді спикер.

Бағдарламаның қорытынды кезеңі сұхбаттасу, 17 шілде мен 4 тамыз аралығында Академияда офлайн форматта өтеді. 7 тамызда аралық қорытынды шығарылады.

Академияға құжаттарды қабылдау https://admission.apa.kz порталында жүргізіледі.

Баспасөз мәслихатында ректор Мемлекеттік қызметшілерді оқытуға қатысты заңнамалық актілерге бірқатар өзгерістер енгізілгенін де атап өтті.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңының 15-бабы 5-тармағына сәйкес, Академияда мемлекеттік тапсырыс бойынша B+ (GPA 3,33) мәнінен төмен емес оқу нәтижесімен оқуын бітірген адамдар оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде жергілікті атқарушы органдарда, мәслихаттар аппараттарында, ревизиялық комиссияларда, орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінде (астана мен оның аудандарындағы жергілікті атқарушы органдардан, мәслихат аппаратынан, ревизиялық комиссиялардан, орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінен басқа) «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен және оның аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алады», – деді Ерлан Әбіл.

Сонымен қатар биылдан бастап Мемлекеттік басқару академиясы түлектерінің мемлекеттік грантты жұмыспен өтеу тәртібіне өзгеріс енгізілді.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңының 10-бабы 15) тармақшасына сәйкес, Академия түлегі-мемлекеттік қызметшінің оны оқуға жіберген мемлекеттік органда жұмыспен өтеу жөніндегі міндеті алынып тасталды. Енді мемлекеттік қызметшіге Академияда оқуын аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметте 3 жыл жұмыс істеу/жұмыспен өтеу жеткілікті», – деді ректор.

Оның айтуынша, «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 8-бабы 2-тармағына сәйкес, жоғары оқу орындарында жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде бұрын білім алған мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша Академияға магистратураға немесе докторантураға қайта оқуға түсе алады.

Өзгелердің жаңалығы