Мемлекетке 3,8 млн гектар жер қайтарылды – министр

28 Қыркүйек 2022, 13:44
1030
Бөлісу:
Мемлекетке 3,8 млн гектар жер қайтарылды – министр

Пайдаланылмайтын немесе заңнаманы бұза отырып берілген жерлер бойынша шешімдер қабылдау нәтижесінде АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің республика бойынша аумақтық бөлімшелері жер пайдаланушыларға қатысты 2,7 млн га жерді қамтитын жоспардан тыс 1077 тексеру жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы АШМ басшысы Ербол Қарашөкеев брифинг барысында айтты.

Тексеру нәтижесінде 1,9 млн га алаңға 732 ұйғарым енгізіліп, 306,2 мың га алаң бойынша 107 материал сот органдарының қарауына жіберілген.

Тиісті шаралар қабылданғаннан кейін 1,3 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері игеріле бастады. Сонымен қатар, қабылданған шешімдердің заңдылығына 140 жоспардан тыс тексеру жүргізілді, нәтижесінде жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы 101 нұсқама берілді. Жалпы, бүгінгі таңда мемлекетке 3,84 млн га пайдаланылмайтын жер қайтарылды және 2023 жылдың соңына дейін 10 млн га пайдаланылмайтын және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері бойынша нақты шешімдер қабылданады – деді министр.

Сонымен қатар министр жер инспекциясын нығайтуды, сондай-ақ пайдаланылмайтын жерлерді анықтау бойынша мониторингті жүзеге асыру функцияларын орындамаған жағдайда, аудан әкімдерінің және облыс әкімдерінің жер қатынастарына жетекшілік ететін орынбасарларының жауапкершілігін күшейту қажеттігін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы