Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жеке тұлғалар мүлік, жер және көлік салықтары бойынша 21,7 млрд теңге салық қарызын төлемеген. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қаржы Министрлігінің Мемлекеттік Кірістер Комитеті хабарлады.
2019 жылдың 6 маусымына сәйкес жеке тұлғалардың төмендегідей негізгі салық қарыздары бар:
- Мүлік салығы бойынша 362569 жеке тұлғаның 1,2 млрд теңге негізгі салық қарызы;
- Жеке тұлғалардан жер салығы бойынша 365055 салық төлеушінің елді мекендері бойынша 2,1 млрд теңге негізгі салық қарызы;
- Көлік салығы бойынша 719193 жеке тұлғаларда 18,4 млрд теңге негізгі салық қарызы төленбеген.
«Шетелге шығатын жеке тұлғаларға салық берешегін төлеу керек екенін еске саламыз. Егер сіз шетелге шығатын болсаңыз, Қаржы Министрлігінің Мемлекеттік Кірістер Комитетінің сайтына кіруді ұмытпаңыз және салық және төлемдер бойынша қарыздарыңыздың жоқтығын тексеріңіз» - делінген салық комитеті таратқан ақпаратта.
Бұған тек бірнеше минут кетеді, ҚР ҚМ Мемлекеттік Кірістер Комитетінің сайтында ЖСН енгізу жеткілікті ("Электрондық сервистер" бөлімі - "мемлекеттік кірістер органдарында есепке алу жүргізілетін берешектің болу (болмауы) туралы мәліметтер"). Салық берешегі туралы "ҚМ МКК" мобильдік қосымшасын пайдалана отырып білуге болады.
Сайтқа дербес компьютер, ноутбук немесе планшет, смартфон және т. б. арқылы кіруге болады.
Шетелге шығуға уақытша тыйымды тек бір тәсілмен алып тастауға болады - бар қарыздарыңызды төлеу арқылы.