Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы отандық әйгілі саясаттанушы, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Марат Бәшімов хабарлады. Оның айтуынша, мемлекет қасіретті қаңтарға қатысты деректерді ашық жариялап жатыр.
Бас прокуратура таратқан мәліметке сүйенсек, ел аумағында жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан 4578 адам зардап шегіпті, 4353 адам жарақат алса, оның ішінде 3393-і –қарулы күш қызметкерлері. Төтенше жағдай кезінде мәйітханаға 225 мерт болған адам жеткізілген. Олардың жартысы – жаппай тәртіпсіздікке қатысқан бұзақылар. Өкінішке қарай, қаза болғандардың ішінде бейбіт тұрғындар да бар. Мемлекет бейбіт тұрғындардың құрбан болғаны туралы жасырмай, ашық айтып отыр. Қаза тапқандардың санынан-ақ қасіретті қаңтар оқиғасының ауқымының қандай болғанын аңғаруға болады, - деп атап өтті Марат Бәшімов.
Оның айтуынша, жаппай тәртіпсіздіктер кезіндегі әрбір факт жіті зерттеліп, тексерілуі тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік құзырлы органдардың қызметі барынша ашық әрі әділ болуы үшін бар жағдайды жасап отыр. Қайғылы қаңтар оқиғасына қатысты барлық жайттың ашық айтылып жатқанын қоғам мен сарапшылар да көріп отыр, - деді ол.