Мемлекет қабылдап жатқан шектеулерге негіз бар – Құрбанбаева

3 Шілде 2020, 16:31
1338
Бөлісу:
Мемлекет қабылдап жатқан шектеулерге негіз бар – Құрбанбаева

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысы бойынша Азаматтық альянсы президенті Гүлнар Құрбанбаева 5 шілдеден бастап енгізілетін карантиндік шектеулерге қатысты пікір білдірді.

Өкінішке қарай, елімізде коронавирус індетінің ахуалы көңіл көншітпейді. Ауруға шалдыққандар санының артуы, оның ішінде вирустың жаңа түрі мен симптомды, симптомсыз науқастардың қатары күн санап артып келеді. Карантин босаңсыған соң, қарапайым талаптарды сақтауды қойдық. Бүгін мемлекет қабылдап жатқан шектеулердің негізі бар. 14 күн қатаңдатылған карантиндік шектеулер енгізіледі. Осы уақыт аралығында елдегі жағдайдың оңтайлануына үлес қосып, барынша ережелерді сақтаған жөн. Пандемия кезінде арнайы тәртіп әзірлеуіміз керек, - деді ол. 

Құрбанбаева атап өткендей, бұл жағдайға салғырт қарауға болмайды. 

Барлық жеке гигиена талаптарын ұстану керек. Бұл талаптарды күнделікті өмір сүру қалпына енгізсек, алдағы болашақта вирусты жеңіп, толық өмір сүруге кірісеміз. Мен дүрбелеңге салынбаймын. Адамдардың дәріханалардан дәрі-дәрмекті көп мөлшерде сатып алуына қарсымын. Көп таныстарым айтып жүрген ауруханалардағы орындардың жоқтығы мен дәрі-дәрмектің жетіспеу проблемасына дүрбелең де қосылып, жағдайды ушықтырды. Сондықтан да енгізілген талаптарды салқын санамен таразылап, сақтау керек, - деді ол. 

Гүлнар Құрбанбаева мемлекет ұсынған ұсынымдарды міндетті түрде сақтау керек екенін айтты. 

Бүгін ережелерді барынша сақтап, болашақта шектеусіз жұмыс істеуге әрекет жасауымыз керек, - деп сөзін түйіндеді Қарағанды облысы бойынша Азаматтық альянсы президенті.

Өзгелердің жаңалығы