Мәжіліс депутаты Лұқбек Тұмашинов мемлекеттік қарыз мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның сөзінше Үкімет қарызды көп алып, оны қайтару мәселесін, бюджетке түсер салмағын ескермейді.
Бұл азаматтарға миллиард қана емес, триллион да ақша емес сияқты. Мен мысалы, несие алатын болсам үйімді, көлігімді кепілге қоям. Содан кейін қалай қайтара алам деп әр тиынымды санаймын. Ал мына жерде ондай жауапкершілік байқалмайды.
Қазір арқамнан жүк түсті, арзан процентпен кредит алдық деп қуанып отырсыздар. Ар жағын неге ойланбайсыздар? Неге санамайсыздар? Менің жаныма батып отырғаны осы,- деді ол Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысында.
Лұқбек Тұмашинов бұрын алынған мемлекет қарыздары да қазір қиындық тудырып жатқанын еске салды.
Өз жеке басыңа несие алғанда бәрін тиынына дейін санайсың. Ал мына жерде бір жауапкершілік жоқ. Өзі еңбекпен бір миллиард тауып көрмеген азаматтар өкіметтің ақшасын аямай шашады. Бұлай жалғаса берсе мемлекет құрдымға кетеді. «Ескі Қазақстан» кезінде алғандар бар. Асап-асап кетті. Қазір сол пайызымен бірге төленіп жатыр. Бұлай біз ешқашан құтылмаймыз қарыздан. Бір механизм болуы керек,- деп айтты депутат.