Мемлекет несие мөлшерінің 85%-на дейін кепілдік береді

23 Маусым 2020, 09:24
1909
Бөлісу:
Мемлекет несие мөлшерінің 85%-на дейін кепілдік береді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет несие мөлшерінің 85%-на дейін кепілдік береді. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов онлайн өткен Үкімет отырысында айтты.

"Бизнестің жол картасы - 2025" бағдарламасы шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа бағыт іске қосылады. Бұл - микро және шағын кәсіпкерлікті микрокредиттеу. Бизнестің осы санаты үшін субсидиялау есебінен кредиттер 6% мөлшерлеме бойынша қолжетімді болады, - деді Руслан Дәленов. 
Министр несиелер айналым қаражатты толықтыруға 5 млн теңгеге дейін, өндірістік қажеттіліктерге 20 млн теңгеге дейін берілетінін айтты. 
Қызмет түрлері бойынша шектеулер болмайды. Сонымен қатар, мемлекет кредит мөлшерінің 85%-ына дейін кепілдік беруді қамтамасыз етеді. Кредиттерді коммерциялық банктер мен микроқаржылық ұйымдар береді. Субсидиялау және кредиттерді кепілдендіру рәсімдері барынша жеңілдетіледі, - деді ол. 
Министр атағандай, бағдарламаның негізгі мақсаты - микро және шағын бизнесті жеңілдетілген кредитпен барынша қамту.

Естеріңізге сала кетейік, "Бизнестің жол картасы-2025" бойынша салалық шектеулер алынып тасталғанын хабарлаған едік, сонымен қатар, министр кәсіпкерлікті қолдау және дамыту үшін бизнес-климатты жақсарту бойынша бірқатар шара қабылданғанын айтқан еді.

Өзгелердің жаңалығы