Мемлекет басшысының атына Тәуелсіздік күніне орай құттықтау жеделхаттары келіп түсті

15 Желтоқсан 2020, 13:41
1686
Бөлісу:
Мемлекет басшысының атына Тәуелсіздік күніне орай құттықтау жеделхаттары келіп түсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп түсуде, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.

Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер жеке өзінің және бүкіл елінің атынан Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтады.

Тәуелсіздік алған сәттен бастап екі елді достық әрі тығыз қатынастар біріктіреді. Қазақстандағы этникалық немістер өз мәдениетіне деген құрметке ие бола отырып, елдеріміз арасын байланыстырушы алтын көпір болып отыр. Сіздің Берлинге жасаған былтырғы сапарыңыз біздің ынтымақтастығымызға қосымша серпін берді. Германия болашақта Қазақстанның сенімді серіктесі болып қала береді, – делінген ГФР Президентінің жеделхатында.

Рим Папасы Франциск құттықтау хатында Қазақстан Президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтап, барлық елдің бейбітшілік пен ынтымақтастықта болуына және құдайдың ризашылығына бөлене беруіне тілектестік білдірген жүрекжарды сөздерін жеткізген. 

Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 29 жыл толуына орай Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қырғыз Республикасы Президентінің міндетін атқарушы Талант Мамытов та құттықтау хатын жолдады.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік жылдары мемлекетті қалыптастыру, саяси және әлеуметтік-экономикалық даму ісінде үлкен табысқа қол жеткізді, халықаралық аренадағы еліңіздің беделі біртіндеп нығайып келеді. Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы тату көршілікке, стратегиялық серіктестікке және одақтастық байланыстарға негізделген екіжақты қатынастар екі елдің игілігі үшін одан әрі дамып, тереңдей беретініне сенімдімін, – делінген жеделхатта.

 Австрияның Федералдық Президенті Александр Ван дер Беллен өзінің құттықтауында барлық қазақстандықтарға бақ-береке тілеген.

Елдеріміз арасында қалыптасқан жақсы достық қарым-қатынастар экономика және энергетика салаларындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамып, кеңеюіне септігін тигізеді деп сенемін, – деп жазған Австрия Президенті. 

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау жеделхаттарын Нидерланд Королі Виллем-Александр, Канаданың Генерал-губернаторы Жюли Пайетт, Малайзияның Премьер-министрі Тан Сри Мухиддин Ясин, Тайланд Корольдігінің Премьер-министрі Прают Чан-Оча, Австралия Генерал-губернаторы Дэвид Херли, Никарагуа Президенті Даниель Ортега Сааведра және Никарагуаның Премьер-министрі Росарио Мурильо жолдады. 


Өзгелердің жаңалығы