Мемлекет басшысы Серікқали Брекешевті қабылдады

20 Мамыр 2022, 13:01
1310
Бөлісу:
Мемлекет басшысы Серікқали Брекешевті қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевті қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Президентке министрліктің биылғы бірінші тоқсанда атқарған қызметінің негізгі қорытындылары және алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде есеп берілді.

Атап айтқанда, министр еліміздің экологиялық ахуалын жақсарту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, жаңа Экологиялық кодекстің нормаларына сәйкес 83 ірі компанияға технологиялық аудит жүргізілген. Бұл олардың 2025 жылға дейін жаңа технологияға көшуге дайындығын бағалауға мүмкіндік берді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы мен экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған өңірлік Жол карталарының жүзеге асырылу барысы таныстырылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына геологиялық саланың жағдайы мен Ұлттық геологиялық қызметті құру жұмыстары туралы баяндалды.

Бұдан бөлек Президентке су шаруашылығы инфрақұрылымының ахуалы, вегетациялық кезеңді өткізу, жаңа Су кодексі, сондай-ақ орман шаруашылығы мен жануарлар әлемінің жай-күйі жөнінде ақпарат берілді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы министрлікке экологиялық мәселелерді шешу, су шаруашылығы инфрақұрылымын жақсарту және геологиялық саланы дамыту жөнінде бірқатар нақты міндет жүктеді.

Өзгелердің жаңалығы