Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазмедиа» орталығында республикалық референдум аясындағы үгіт-насихат науқанына белсенді қатысқан жастармен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Президент бүгін тарихи күн екенін атап өтіп, жастарға ризашылығын білдірді.
– Шын мәнінде, бұл күн ел өмірінде мәңгі сақталады. Енді 15 наурыз – Конституция күні болып белгіленеді. Бұл – еліміздің басты құжаты. Мен басқа да мемлекеттердің конституцияларымен танысып шықтым. Біздің Конституциямыз ең үздік Ата заңдардың қатарында тұрады деп сеніммен айта аламын, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент жаңа Конституци, ең алдымен, жастарға арналғанына назар аударды. Ата заңға волонтерлік қызмет, ғылым, инновация, жасанды интеллект сияқты ұғымдар енгізілгеніне тоқталды.
– Ауқымды үгіт-насихат науқаны жүргізілді. Алдымызда жұмыс көп. Енді жазда Парламент сайлауы өтеді. Оны бір ел болып атқаруымыз керек. Бұл жастардың парламенті болуы қажет деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесуде «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Ескендірова, креативті индустрия өкілі, кәсіпкер Камиль Байрамов, белсенді жастар Ержан Хамитов пен Нұрбол Серікбай сөз сөйледі.
Жастар бір ай ішінде түрлі форматта 5 мыңға жуық кездесу өткізіп, оған 1,5 миллионнан аса азамат қатысқанын жеткізді. Сондай-ақ елімізде қолға алынған өзгерістердің барлығын қолдайтынын айтты.