Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады

Президенттің сөзінше, бұл қасиетті мереке рухани тазару, парасаттылық, сабырлық пен қанағатшылдық, өзара сыйластық пен жақсылыққа үндейді.

 Ақорда Бүгiн 2026, 08:03
Бүгiн 2026, 08:03
108
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ораза айт мерекесімен барша қазақстандықтарды құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Президенттің сөзінше, бұл қасиетті мереке рухани тазару, парасаттылық, сабырлық пен қанағатшылдық, өзара сыйластық пен жақсылыққа үндейді. Бір ай ораза тұтқан халық иманын нығайтып, төзімін шыңдайды, мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетеді.

Бұл – бүкіл мұсылман қауымы үшін мән-маңызы ерекше, қасиетті мереке. Осы мейрамда рухани тазару мен парасаттылық, сабырлық пен қанағатшылдық, өзара сыйластық пен тілектестік, жанашырлық пен жақсылық құндылықтары дәріптеледі. Отыз күн ораза тұтқан жұрт иманын байытып, кемелдікке ұмтылады. Төзімін шыңдап, төңірегіне қамқорлық танытады. Игі істерге ұйытқы болып, мұқтаж жандарға қол ұшын созады. Ата дәстүріміз бен асыл дініміз елдің бірлігін нығайтып, қоғамның берекесін арттыратын игі амалдар жасауға үндейді. Биыл Ораза айт мейрамы Наурыз мерекесімен қатар келіп, ел дамуындағы жаңа тарихи кезеңнің жаршысына айналды. Мұның символдық мәні зор. Қазақстан халқы Жаңа Ата заңды қабылдап, жарқын болашаққа, Әділеттілік пен Өркендеуге бастайтын жолды таңдады. Конституциялық реформаны жаппай қолдау арқылы ұлт тарихының жаңа парағын ашты, - делінген құттықтауда.

Президент барша қазақстандықтарға зор денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тілеп, елдің амандығы мен жердің тыныштығын атап өтті.

Наверх