Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады

1 Наурыз 2023, 08:28
1266
Бөлісу:
Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады
Фото: Ақорда

Бұл туралы Ақорданың ресми сайты жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құрметті отандастар!

Сіздерді Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл мерекеде ұлтымыздың салт-санасында берік қалыптасқан достық, қайырымдылық және ынтымақ сынды мызғымас құндылықтар кеңінен дәріптеледі.

Алғыс айту күні қиын-қыстау замандарда да мейірімділік пен жанашырлық таныта білген әрі бірлігін бекем еткен халқымыздың ізгі қасиеттерін жадымызда жаңғыртады.

Бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлер және еліміздегі ауқымды өзгерістер кезеңінде әрбір азаматтың ел болашағы үшін жауапкершілік танытуы және өзара қолдау көрсетуі аса маңызды.

Бүгінгі мейрамда адал еңбегі, жасампаздығы мен отаншылдығы үшін барша халқымызға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Біз еліміздің ауызбіршілігін сақтай білсек, кез келген қиындықты еңсереміз. Әділетті Қазақстанды құрып, елімізді одан әрі өркендете береміз деп сенемін.

Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!

Өзгелердің жаңалығы