Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ тілді аудиторияның ауқымы кеңейіп жатыр.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
Ассамблея біздің бейбітшілік пен келісім саясатымызға берік институционалдық тірек қызметін атқара беретініне сенімдімін. Бүгінгі сессияның міндеттері – саяси жүйені реформалаудағы Ассамблеяның орны мен рөлін айқындау, оның одан әрі даму векторын белгілеу, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол мәдениетіміз әралуан екенін көрсететін ерекше ақпаратты әзірлеу қажет екенін айтты.
Соның ішінде, қазақ тілді аудиториямен жұмыс жүргізген жөн. Қазақ тілді аудиторияның ауқымы кеңейіп жатыр. Бұл – жағымды, оң үрдіс. Қазақстанды дамытуға өзге этностардың қосып жатқан үлесін мемлекеттік тілде насихаттау маңызды. Біз осы бағытта жұмыс істейтін ақпарат құралдарын барынша қолдауымыз керек, – деп атап өтті Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында.