Мемлекет басшысы Парламентаралық одақтың президенті Дуарте Пашеконы қабылдады

20 Желтоқсан 2021, 14:41
1667
Бөлісу:
Мемлекет басшысы Парламентаралық одақтың президенті Дуарте Пашеконы қабылдады
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әңгімелесу барысында Қазақстанның Парламентаралық одақпен өзара ықпалдастығының маңызды бағыттары талқыланды, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дуарте Пашекоға ілтипат білдіре отырып, Парламентаралық одақпен арадағы ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беру тұрғысынан оның елімізге жасаған сапарының маңыздылығын атап өтті.

Парламентаралық одақ парламентаралық байланыстарды дамыту ісінде маңызды әрі жетекші ұйым саналады. Сіздің сапарыңыз парламенттік дипломатияны кеңейту тұрғысынан саяси маңызға ие. Біз аталған Одақпен өзара тығыз қарым-қатынастарды дамытуға баса мән береміз және осы маңызды ұйымның төрағасы лауазымындағы Сіздің миссияңызды қолдаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Парламентаралық одақтың президенті Дуарте Пашеконы қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Дуарте Пашекоға еліміздегі демократиялық институттарды және заң үстемдігін нығайтуға, адам құқығы мен гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды саяси реформалардың жүзеге асырылуы жөнінде айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы оны 2022 жылдың қыркүйек айында болатын Әлемдік діндер көшбасшыларының VII Съезіне қатысуға шақырды.

Мемлекет басшысы Парламентаралық одақтың президенті Дуарте Пашеконы қабылдады

Өз кезегінде Дуарте Пашеко кездесуге мүмкіндік бергені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіріп, Мемлекет басшысын Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады. Сонымен қатар ол еліміздің осы кезеңдегі экономикалық және дипломатиялық табыстарын жоғары бағалап, Қазақстанның мемлекеттер мен адамдар арасында диалог орнатудың жарқын үлгісі болып отырғанына назар аударды.

Португалия парламентариі Мемлекет басшысына Парламентаралық одақты дамытудың алдағы кезеңдегі басымдықтары туралы айтты.

Сонымен қатар Қазақстан мен Португалия қатынастарын өркендету аясында Нұр-Сұлтан мен Лиссабон арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқаны атап өтілді.

Өзгелердің жаңалығы