Мемлекет басшысы Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов экономикалық өсімді қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру бойынша Президент тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады:
– биылғы қаңтар-қараша айларында жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,4 пайызды құраған;
– экономиканы әртараптандыру аясында ауыл шаруашылығы (13,4 пайыз), құрылыс (10,3 пайыз), сауда (8,2 пайыз), көлік (8,1 пайыз), өңдеу өнеркәсібі (5,3 пайыз), соның ішінде металлургия (7,2 пайыз) және машина жасау (6,9 пайыз), химия өнеркәсібі (8,4 пайыз), сондай-ақ ақпарат және байланыс (5,3 пайыз) салаларында өсім байқалған;
– биыл экономиканың өсіміне мұнайдан тыс салалардың дамуы есебінен қол жеткізілген. Соған қарамастан мұнайды игерудің болжамды көрсеткішінің орындалмауы экономика дамуының жалпы қарқынына әсер еткен;
отандық өндірушілерді қолдау және терең өңдеуді ынталандыру бойынша қабылданған шаралардың нәтижесі жөнінде мәлімет берді. Өңделген тауар экспорты 10,2 пайызға өсіп, 23,3 миллиард долларға жеткен. Тауар импортының көрсеткіші 3,3 пайызға кеміген. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,1 пайызға ұлғайған. Бұл орайда шикізаттық емес салаларда айтарлықтай өсім бар;
іскерлік белсенділікті одан әрі арттыру және аймақтардағы өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жұмыстарды күшейту жоспарын таныстырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларындағы оң динамиканы сақтау бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ инвестиция тарту, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, импорт алмастыру және әлеуметтік маңызға ие азық-түліктің бағасын тұрақтандыруды бақылау бойынша бірқатар тапсырма берді.