Мемлекет басшысы Халық Конституциясын Қуатты, Озық, Өркениетті Қазақстанның жаңа Жарғысы деуге толық негіз бар екендігін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.
Жаңа Конституция – Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысының бүгінгі құбылмалы, шиеленістер мен соғыстарға толы жаңа геосаяси жағдайда көрініс тапқан жаңа сипаттағы жалғасы. Себебі біз бас құжатымызды қазіргі мүлде жаңа, тарихи, геосаяси жағдайда қабылдап отырмыз. Сондықтан бұл – еліміздің жасампаз рухының көрінісі деп айту қажет. Халық Конституциясын Қуатты, Озық, Өркениетті Қазақстанның жаңа Жарғысы деуге толық негіз бар. Ата заңымыздың ең басты мақсаты – еліміздің Тәуелсіздігін, егемендігін, аумақтық тұтастығын қорғау және азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Конституцияға сәйкес Заң мен тәртіп қағидатын орнықтыру, адам капиталын нығайту, яғни білімді, ғылымды, инновацияны дамыту, еңбекқорлықты дәріптеу, сондай-ақ табиғатты қорғау стратегиялық маңызы бар міндет ретінде айқындалды.
Ел тарихында алғаш рет Конституцияда мемлекеттік Ту, Әнұран, және Елтаңбамен қатар ұлттық валютамыз мемлекет нышаны ретінде көрініс тауып, бекітілді. Сонымен бірге еріктілердің (волонтерлердің) жанкешті қызметі де конституциялық сипатқа ие болды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент заңдар мен қоғамдық тәртіп қатаң сақталмаса, елімізде ешқандай реформа ойдағыдай жүзеге аспайтынын алға тартты.
Мен неліктен Заң мен тәртіп қағидатын міндетті түрде іске асыру туралы жиі айтамын? Себебі заңдар мен қоғамдық тәртіп қатаң сақталмаса, елімізде ешқандай реформа ойдағыдай жүзеге аспайды. Өйткені бұл – өмірдің саяси заңы. Ел ішін тұрақсыздық жайлаған, билік институттары орынсыз, жөнсіз сын мен шабуылға ұшыраған мемлекеттерде ешқандай ілгерілеу болмайды. Осы орайда, мен біздің еліміздегі қоғамдық өмір дұрыс табиғи жолмен, яғни, эволюциялық жолмен даму керектігін, тоқырауға мүлде жол беруге болмайтынын жақсы түсінемін. Сол себепті 2022 жылдың өзінде Конституцияға Президентті жеті жылдық мерзіммен бір рет қана сайлау туралы ереже енгізілді. Президенттің жақын туыстарына мемлекеттік қызметте, сондай-ақ ұлттық компанияларда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды, - деді Мемлекет басшысы.
Айтуынша, жаңа Ата Заңға конституциялық және құқық қорғау органдарының басшыларын бір мерзімге сайлау туралы ереже енгізілді.
Біз білетін елдердің конституциясында дәл осындай ережелер жоқ деп айтуға болады. Мен жаңа консультативтік орган ретінде құрылатын Халық кеңесіне үлкен үміт артамын. Бұл құрылым қоғамдық-саяси өмірге қатысты аса өзекті мәселелерді талқылайды, сондай-ақ, Құрылтайға заң жобаларын ұсынады, яғни Халық кеңесі заң шығару бастамасын көтеру құқығына ие болады, - деді Президент.