Мемлекет басшысы: Қазақстан шетелдің дәрі-дәрмегін күтіп отырмауы қажет

27 Сәуір 2020, 12:35
1702
Бөлісу:
Мемлекет басшысы: Қазақстан шетелдің дәрі-дәрмегін күтіп отырмауы қажет
Президенттік қолдау

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ.  Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке қысқа мерзім ішінде отандық тест-жүйесі өндірісін қолға алуды тапсырды.

Бүгін ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетіне байланысты жасаған Үндеуінде Үкіметке қысқа мерзім ішінде отандық тест-жүйесі өндірісін қолға алуды тапсырды.

Денсаулық сақтау министрлігі ауруды тест арқылы анықтау жұмысын барынша күшейтуге тиіс. Оны халықаралық стандартқа сәйкес тәулігіне кем дегенде 20-25 мыңға дейін жеткізу қажет. Осыған орай, Үкіметке қысқа мерзім ішінде отандық тест-жүйесінің өндірісін қолға алуды тапсырамын. Біз иммунобиологиялық препараттарды әзірлеу үшін қолда бар мүмкіндіктерімізді толық пайдалануымыз керек. Вакцина қолжетімді болған кезде Қазақстан шетелдің дәрі-дәрмегін күтіп отырмауы қажет. Дағдарыстан кейін де біз медицинаны дамытуға баса мән береміз, - деді ол.

Президент бұл салаға мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Үкімет Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекс жобасына осы саланы жетілдіретін нақты ұсыныстар енгізуге тиіс. Парламент бұл кодексті сессияның соңына дейін қабылдайды деп ойлаймын. Біз қазірден бастап дағдарыстан кейінгі кезеңге дайындалуымыз керек. Бұл жөнінде Елбасы Қауіпсіздік кеңесінің 24 сәуірде өткен отырысында нақты айтты, - деді президент.
Өзгелердің жаңалығы