Мемлекет басшысы Әлихан Смайыловты қабылдады

9 Тамыз 2022, 17:38
1018
Бөлісу:
Мемлекет басшысы  Әлихан Смайыловты қабылдады

Мемлекет басшысы Премьер-министр Әлихан Смайыловты қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2022 жылдың қаңтар-шілде айларындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндалды. 

Әлихан Смайыловтың айтуынша, осы аралықта ЖІӨ өсімі 3,2 пайызды құрады. Тауарлар өндірісі 3,3 пайызға, көрсетілген қызметтер 2,4 пайызға артты. Құрылыс, сауда, өңдеу өнеркәсібі, сондай-ақ көлік және байланыс салаларында айтарлықтай өсім бар. 

Премьер-министр Президентке Үкіметтің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тежеу шараларына қатысты мәлімет берді. 

Үкімет 2022-2024 жылдарға арналған азық-түлік қауіпсіздігі жоспарын орындап келеді. 

Премьер-министр инфляция деңгейін төмендету, экономиканы демонополизациялау, елдің транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту жөніндегі шаралар туралы баяндады. Әлихан Смайылов құны 22,2 триллион теңге болатын инвестициялық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Үкімет басшысы Президентке Қазақстанның 2023-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды.

Президент құрылымдық реформалар мен экономиканы демонополизациялауды жалғастырып, кәсіпкерлікке қолдау көрсету қажет екенін айтты. Сондай-ақ халықтың кірісін арттыруды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы