2024 жылы Астанада Жастар кеңесінің мұрындық болуымен АӨСШК елдерінің волонтерлік қозғалыстары жетекшілерінің жиынын өткізуді ұсынамын. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Адамдар әрқашан біздің күш-жігеріміздің басты назарында болуы керек. Экономикалық шаралар адами өлшемге, еңбек ресурстарын сақтауға және дамытуға бағытталған жағдайда ғана тиімді деп санауға болады. Биыл шілде айында Астанада Жастар кеңесі отырысының сәтті өтуі осы бағыттағы ынтымақтастықтың зор болашағын айқын көрсетті. Осыған байланысты 2024 жылы Астанада Жастар кеңесінің мұрындық болуымен АӨСШК елдерінің волонтерлік қозғалыстары жетекшілерінің жиынын өткізуді ұсынамын. АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің жетекші университеттерінің серіктестік желісін құру үлкен перспективалар ашады. Бұл желі арқылы IT, нанотехнология және жаңартылатын энергия көздері саласындағы тәжірибелермен алмасуға болады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.