Мектептерге жеткізілетін көмір жіті тексеріледі

9 Тамыз 2023, 16:40
1047
Бөлісу:
Мектептерге жеткізілетін көмір жіті тексеріледі
Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысында мектептерге қандай көмір жеткізілетіні тексеріледі. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданы тұрғындарымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Қыстың қамын жаз ойла» дейді. Былтыр облыста 907 мың тонна көмірге қажеттілік болды. Қыркүйек айында 48 пайызын облысқа тасып алдық. Бірақ сол кезде халыққа да, мекемелер мен жылыжайларға да көмірді алып алу керегін ескерттік. Себебі қыс келгенде бірінші кезекте солтүстік өңірлерге вагондар бағытталып отырады, - деді әкім.

Сайрам ауданының тұрғындары облыс басшысы Дархан Сатыбалдымен кездесуде мектептерге жеткізілетін көмірдің сапасы мәселесін көтерді. Әкім Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына көмірдің сапасын тексеру керегін тапсырды.

Көмірдің сапасы туралы мәселені көтеріп жатқанын естідіңіздер. Оның сапасын тексеріп беріңіздер. Мектепке қандай көмір келіп жатқанын, қағаз бойынша қандай көмірге тапсырыс берілгенін және шын мәнінде қандай келіп жатқанын тексеру керек. Басқа келуі де мүмкін, - деді ол.

Облыс әкімінің айтуына қарағанда, мұндай жағдай болған. Мысалы, Кентауда басында келген көмір жақсы болып шықса, кейінгі вагондары нашар болып шыққан кез болған.

Егер мектептерге газ жетіп жатса, оларды 100 пайыз газбен қамту керек.

Әкімнің мәліметінше, биыл Түркістан облысында 68 мектепке газ беріледі. Оның 19-ы Сайрам ауданында.

Өзгелердің жаңалығы