Мектептерде жөндеу жұмыстары аяқталып келеді - Алтай ауданы

7 Тамыз 2022, 15:18
932
Бөлісу:
Мектептерде жөндеу жұмыстары аяқталып келеді - Алтай ауданы

Бүгінгі таңда Алтай ауданындағы білім ошақтары ғимараттарын жөндеу жұмыстары тәмамдалып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Бұл туралы аудан әкімдігі хабарлады.

Оқу жылы аяқталғаннан кейін мектептерді бірден келесі оқу жылына дайындай бастайтыны белгілі. Биыл да мұндай жұмыстар аудан аумағында дәстүрлі түрде жалғасын тапты. Осы ретте Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова, білім бөлімінің техникалық қадағалау инженерімен және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен Алтай қаласындағы мектептердегі жөндеу жұмыстарын бақылап қайтты.

Мектеп ғимаратының оқушылар үшін жайлы болуы көбінесе инженерлік желілердің жағдайына байланысты екені бесенеден белгілі. Бүгінде осы бағыттағы жұмыстар қаладағы бірнеше мектепте қолға алынған. Атап айтсақ, дәл қазіргі уақытта он жылдан бері жылу жүйесі ауқымды жөндеу көрмеген Алтайдағы №9 орта мектептің бірінші қабатындағы жылыту батареяларын ауыстыру жұмыстары басталған. Оған қоса, мектеп ішін әрлеу жұмыстары да қатар жүргізілуде.

Сонымен қатар қаланың №11 орта мектебінде де осындай жұмыстар аяқталуға жақын. Мқнда жақында жасы кіші балаларға арналған әжетханаларды жөндеу жұмыстары аяқталып, информатика кабинеті жаңартылды. Мектептегі білім беруді ақпараттандырудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында жабдықталған кабинет мектеп оқушыларының ақпараттық мәдениетін қалыптастырып, ақпараттық технологияларды дамыту орталығына айналатыны сөзсіз.

Бүгін біз қала мектептеріндегі жөндеу жұмыстары барысын өз көзімізбен көру үшін нысандарды аралап қайттық. Жалпы жөндеу жұмыстары жақсы жүріп жатыр, мердігерлер белгіленген мерзімге сай жұмыстарды аяқтайды деп ойлаймын, – дейді аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарова.

Сондай-ақ, аудан аумағындағы орта білім ордаларындағы мектеп оқушыларының қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінетінін атап өткен ол, мектептерге қауіпсіздік қызметі енгізіліп, бейнебақылау жүйесі мен турникеттер орнатылғанын хабарлады.

Өзгелердің жаңалығы