Қазақстанда жасанды интеллект (ЖИ) жалпы орта білім беру жүйесіне енгізіле бастады. Бұл жұмыс 2024–2029 жылдарға арналған ЖИ дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мақсат – оқушыларға болашақтың негізгі технологиясын түсініп, дұрыс қолдана білуге үйрету және мұғалімдердің жұмысын жеңілдету.
Оқу-ағарту министрлігінің BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында айтылғандай, ЖИ-ге қатысты тақырыптар бастауыш және негізгі орта білім беру стандартына кезең-кезеңімен енгізіледі. Атап айтқанда, 2026–2027 оқу жылынан бастап 1 және 5-сынып оқушылары ЖИ шешімдерін қолдану дағдыларын меңгере бастайды.
Информатика пәнінің оқу бағдарламасына жасанды интеллект пен машиналық оқытуға арналған арнайы модуль енгізіледі. Бұл модуль тек теориямен шектелмей, ЖИ технологияларын тәжірибеде қолдануға бағытталған. Сондай-ақ басқа пәндердің мазмұнына да ЖИ-ге қатысты этикалық мәселелер енгізіледі. Бұл оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытуға және интеллектуалдық жүйелерді қолданудың салдарын ұғынуға көмектеседі, - делінген редакциямызға берілген жауапта.
Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы мектептерге арналған әдістемелік ұсынымдар әзірлеп, енгізе бастаған.
Сонымен қатар, Астана қаласындағы "Жайлы мектеп" жобасына қатысатын мұғалімдерге "ЖИ-ды педагогикалық практикаға енгізу" тақырыбында шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.