Мектептерде бала құқығын қорғауға арналған сайттың QR-коды орнатылады

Мектептерде бала құқығын қорғауға арналған сайттың QR-коды орнатылады
1126

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Балалар жылы аясында «Bala Qorgau» интернет-ресурсын іске қосты. Енді мектептерде QR-коды және «Bala Qorgau» сайтының https://bala.gov.kz мекенжайы жазылған арнайы тақтайшалар орнатылып жатыр, деп хабарлайды  БҒМ баспасөз қызметі .

QR-кодты сканерлеу арқылы оқушылар «Bala Qorgau» сайтына өтіп, өз сұрақтарын қоя алады. Оқушылар мен ата-аналар да жасырын түрде көмек сұрап, білім беру ұйымдарындағы заңсыз әрекеттер туралы хабарлай алады. Өтініш берушілердің аноним болып қалатынына кепілдік беріледі.

Бүгінгі күнге дейін Нұр-Сұлтан мен Алматының бірнеше мектебінде QR-тақтайшалар орнатылды. Алдағы уақытта олар басқа да білім беру ұйымдарында орнатылады. Қазірдің өзінде 100-ден астам өтініш түсті, олар негізінен балалар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынас мәселелеріне қатысты.

Bala Qorgau» сайты оқушылар әрдайым қажетті қолдау мен көмек сұрап, өздерін қауіпсіз сезінулері үшін жасалған. Әртүрлі жағдайларға тап болған балалар көбінесе өзін қалай ұстау және кімнен көмек сұрау керегін білмейді. Олар өздеріне немесе құрдастарына қатысты буллинг фактілерін кімге хабарлау керегін білмейді. Енді оқушылар QR-кодты сканерлеп, бізбен байланыса алады, сөйтіп оларға қажетті консультация, психологиялық көмек көрсетіледі. Веб-сайт оқушыларды толғандыратын өзекті мәселелерді, сондай-ақ балалар құқықтарын бұзу фактілерін тез арада анықтауға көмектеседі. Бұл ресурс оқушылардың және олардың ата-аналарының құқықтық сауаттылығын арттыруға септігін тигізеді, - деді ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули.

Сайтта оқушылар мен ата-аналар белгілі бір жағдайға тап болғанда өзін қалай ұстау керегі туралы кеңестер таба алады. Мысалы, жаңа достар табуға, жаман ортаға тап болмауға және т.б. туралы ақпарат бар. Балалар сұрақты ашық та, жасырын да қоя алады. Ол үшін веб-сайтта өтініш қалдыру керек, кейін кеңесшілер кері байланыс жасап, балалар мен ата-аналарды мазалайтын сұрақтарға жауап береді.

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: дереккөз
Өзгелердің жаңалығы