Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданында өткізген жиында директорларға мұғалімдерді мектепке жұмысқа қабылдауға қатысты ескерту жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желіде облыс әкімінің видеосы тарады. Онда әкім мұғалімдерді мектепке жұмысқа қабылдау жайлы айтады.
Мұғалімдерді жұмысқа алатын кезде «ақша сұрайды» деген мәселелерді де естіп отырмын. Олар бойынша директорларды да, директорлардың артында тұрған адамды да қажет болса сіздерден сұрап тұрып, оларды тексерткіземіз. Бізде білім саласы таза болуы керек, - деді Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі білім саласына қомақты қаражат бөлініп, Президенттің тапсырмасы бойынша «Жайлы мектептер» де салынып, жағдай жасалынып жатқанын еске салды.
Енді мына жақта сіздер сондай жағдай («ақша сұрау» - ред.) жасап жатсаңыздар, біздің келешегіміз қалай болады?! Балаларымыз қалай өседі? – деді Дархан Сатыбалды.
Видеода жиынға қатысушылардың әкімнің айтқан сөзіне қолдау білдіріп жатқанын естуге болады.