Жамбыл облысында мектеп оқушылары арасындағы жанжалдан кейін бір жасөспірім қаза тапқан іс бойынша сот үкімі шықты. 9-сынып оқушысы 6 жыл 8 айға сотталып, жәбірленуші тарапқа 10 млн теңге моральдық өтемақы өндірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жамбыл облысы бойынша кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы 9-сынып оқушысын 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды.
Сотта анықталғандай, жасөспірім жанжал кезінде өз құрдасына физикалық күш қолданған. Алынған жарақат өлімге әкеліп, жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған. Кейін жүргізілген сараптама оның мойын тұсынан алған доғал жарақаттан қайтыс болғанын көрсетті.
Сот кәмелетке толмаған сотталушыны денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда өлімге әкеп соққан деп таныды. Кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және заттай дәлелдермен расталды. Айыпталушы өз кінәсін ішінара мойындаған.
Жасын, жеңілдететін мән-жайларды және заң талаптарын ескере отырып, сот 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, сотталған баланың заңды өкілдерінен жәбірленуші тараптың пайдасына 10 миллион теңге көлемінде моральдық зиян өндірілді, - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.