22 тамыз күні Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» республикалық жобасы аясында жыл сайынғы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы Шымкент қаласында жалғасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қайырымдылық шара барасында, Шымкент қаласының Достық үйінде ҚХА этномәдени бірлестіктерінің өкілдері әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға мектеп жабдықтары берілетін болады.
Мұндай шараларды өткізу – этномәдени бірлестік өкілдері мен ҚХА мүшелері үшін бұрыннан дәстүрге айналған үрдіс.
22 тамызда Алматы қаласы Наурызбай ауданы № 206 мектеп-гимназиясында да «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтеді. «Мектепке жол» - бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері жыл сайын өткізетін акция. Акция 15 жылдан бері жүргізіліп келеді. Ол жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде аз қамтылған отбасылардың балаларына демеушілік көмек көрсетуге бағытталған.
«Мектепке жол» қайырымдылық акциясы Жетісу облысы Көксу ауданының орта мектептерінде (Теректі ауылының №4 орта мектебі және Ақшатоған ауылының №5 орта мектебінде) жалғасын таппақ.
Шараға «Нахичевань» әзербайжан ұлттық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі қолдау көрсетіп, оқушыларды қажетті мектеп жабдықтарымен қамтамасыз ету көзделген.
Айта кету керек, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен «Ассамблея жастары» ұйымының еріктілері бірлесе отырып ұйымдастырылған қайырымдылық акциясы демеушілердің қолдауымен республикамыздың барлық өңірлерінде тамыз-қыркүйек айларында өтеді.