Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмысы туралы Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасы басшысы Шолпан Қадырова онлайн брифинг барысында атап өтті.
2020 жылдың 18 наурызынан бастап барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдары меншік нысанына қарамастан өз қызметін тоқтатты. Балабақша қызметкерлері мен меңгерушілеріне өз қалауы бойынша ақылы еңбек демалысы берілді. Меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі ұйымдар төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік тапсырыс бойынша қаржыландырумен толық қамтамасыз етілген. Мектеп жасына жеткен балаларды балабақшадан шығару жыл сайын 1 тамызға дейін, сондай-ақ балаларды жас ерекшеліктеріне байланысты бір топтан келесі топқа ауыстыру ағымдағы жылдың 1-31 тамыз аралығында жүзеге асырылады. Сонымен қатар, ҚР-да төтенше жағдай режимі мен карантин енгізілуіне байланысты мектепке дейінгі ұйымдардың қызметі төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін тоқтатылды, - деді басқарма басшысы.
Мектепке дейінгі ұйымдар өз жұмысын бастау үшін денсаулық сақтау министрлігі объектілерді пайдалануға беру тәртібі мен ережелерін әзірлеп жатқандығын айтты.
Бұл құжатта объектілерде санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтау нормалары, сондай-ақ, мектепке дейінгі балалар ұйымдарының кезекші топтарының режим алгоритмі көрсетіледі. Балабақшалардың нақты қай уақытта жұмысын бастайтыны төтенше жағдай аяқталғаннан кейін белгілі болады, - деді Шолпан Қадырова.
2020 жылдың ақпан айында басқарма мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша конкурс өткізген. Оның қорытындысы бойынша 2856 орынға мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдар тізіміне 47 ұйым енгізілгендігін тілге тиек етті.
Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарының тізіміне 237 балабақша енгізілген, оның ішінде 209-да 18 687 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылды. Меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі ұйымдар төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік тапсырыс бойынша қаржыландырумен толық қамтамасыз етілген, наурыз айында барлық балабақшалар толық көлемде қаржыландырылды. Бекітілген кестеге сәйкес сәуір айында қаржыландыру 2020 жылдың 1 мен 10 мамыр аралығында жүзеге асырылатын болады, - деді басқарма басшысы.