Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту: Астанада 7,5 мыңнан астам орынға өтінім қабылданады

31 Қаңтар 2024, 19:38
516
Бөлісу:
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту: Астанада 7,5 мыңнан астам орынға өтінім қабылданады
Фото: Елорда әкімдігі

Астана қаласының Білім басқармасы 2024 жылғы 1 ақпаннан бастап 7 594 орынға мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі конкурсқа қатысу үшін өтінімдер қабылдайды, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Құжаттары әлеуетті қызмет көрсетуші немесе олардың уәкілетті өкілдері (тиісінше ресімделген сенімхат болған кезде): «Астана қаласының Білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кеңсесіне қолма-қол немесе тапсырысты поштамен «Астана қаласының Білім басқармасы» мемлекеттік мекемесі, 010000, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11, 119 кабинет мекенжайы бойынша, жұмыс күндері сағат 08-30-дан 16-00-ге дейін 2024 жылғы 01-05 ақпан (қоса алғанда) аралығында ұсынылады.

Конкурстық рәсімдер құжаттарды қабылдаудың бірінші күннен бастап 16 (он алты) жұмыс күн аралығында өтеді.

Мектепке дейінгі ұйымдар мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын алуға арналған конкурстық рәсімге қатысу үшін мына құжаттарды ұсынады:
1) Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 27 тамыздағы № 381 бұйрығымен (бұдан әрі – Бұйрық) бекітілген Еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға, орта білім беруге, балаларға қосымша білім беруге және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрлар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларына 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;
2) мектепке дейінгі ұйым басшысының қолымен және мөрімен расталған бейнебақылау камераларының, дабыл түймесінің және дауыстық хабарландырудың болуы туралы ақпарат;
3) Санитариялық қағидаларға сәйкес тәрбиеленушілерді (сыйымдылығы үш топқа дейін болған кезде) медициналық қамтамасыз етуді жүзеге асыруға арналған бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету аумақтық ұйымымен шарт;
4) штаттық кестенің және педагогикалық немесе бейіндік білімі бар педагогтердің белгіленген үлгідегі білім туралы құжаттарының көшірмелері;
5) жалға алу болған жағдайда – ғимаратты/үй-жайды жалға алу шартының көшірмесі, өз ғимараты/үй-жайы болған кезде – жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама.

Бұйрық Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде мына сілтеме бойынша орналастырылған. 
Хабарландыру, №1 қосымша.

Өзгелердің жаңалығы