Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Мектеп пәндері біріге ме? Министр жауап берді

Олжас АДАЙ
Бүгiн, 12:20
189
Бөлісу:
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұрын жоспарланған пәндерді біріктіру мәселесіне қатысты түсініктеме берді.Оның сөзінше, 2025 жылғы алқалы жиында бірқатар пәндерді біріктіру туралы шешім қабылданған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Атап айтқанда, физика, химия және биологияны — жаратылыстану ғылымдарына, алгебра мен геометрияны — математика пәніне, сондай-ақ дүниежүзі тарихын, құқық негіздері мен әлеуметтік ғылымдарды біріктіру көзделген болатын, — деді министр.

Алайда бұл реформа кейіннен тоқтатылған.

Біз іргелі пәндер жеке-жеке оқытылуы керек деген ұстанымға келдік. Бұл мәселе мұғалімдердің жүктемесіне де тікелей байланысты. Педагогикалық қауымдастықпен талқылау жүргізіліп, жан-жақты талдау жасалды, — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің айтуынша, балалардың цифрлық дәуірде іргелі білімді терең меңгеруі маңызды.

Осыған байланысты реформа уақытша тоқтатылды. Апробация жүргізілді, алайда барлық пәндер бұрынғыдай жеке оқытылатын болады. Пәндерді біріктіру жоспарланбайды, — деді ол.

Еске салсақ, бұған дейін мектептерде пәндерді біріктіру мәселесіне қатысты өз пікірін депутат Асхат Аймағамбетов білдірген еді.

Өзгелердің жаңалығы