Ақтөбе облысында жасөспірімді сабап өлтірген мектеп оқушыларына қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кеше, 4 наурызда алғашқы сот отырысы өтті. Белгілі болғандай, 14 жастағы жасөспірімді ұруға 11-сынып оқушысы бұйрық бергендігі анықталды.
Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Қопа ауылында болған оқыс оқиға – қазір ақтөбеліктердің назарында.
Сотта 14 жастағы оқушы Нұржан Сыдықты жоғары сынып оқушылары сабап, оның жансыз денесін қаңырап тұрған моншаның жанына тастап кеткендігі белгілі болды. Тергеу жұмыстары былтырдан бері жалғасып келген.
Перзентінен қапыда айырылып қалған отбасы соттың ашық түрде өткенін талап еткенімен, судья олардың ұсынысын қанағаттандырмаған. Қазір сот ісіне аталған отбасының мүшелері мен оқушы өліміне кінәлі алты оқушының жақындары қатысып жатыр.
Судья сотталушылар мен прокурорлардан тілшілердің сот процесіне қатысуына қатысты пікірін білген. Олар бұған қарсы болған. Сол себепті іс үкім шыққанша жабық өтетін болды. Облыстық соттың баспасөз қызметі үкім шыққаннан кейін ресми түрде ақпарат беретінін хабарлады.