Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Мектеп оқушысы сыныптасын аяусыз соққыға жыққан

28 Мамыр 2025, 17:20
822
Бөлісу:
 кейіпкерден
Фото: кейіпкерден

Атырау облысы Индер ауданында мектеп оқушыларының арасында дау туындаған. Білім алушылардың бірі сыныптасын қоңырауда қамап ұстап, әбден ұрып-соққан. Бұл туралы оқушының анасы әлеуметтік желіде жариялады. Кінәлілердің жазасыз қалмағанын қалайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Білім ошағының қабырғасындағы түсініспеушілік осыдан 10 күн бұрын орын алған. Содан бері соққының астында қалған оқушының анасы өзін қоярға жер таппай жүр. Екі ұлын жалғыз өзі асырап отырған әйел, еш себепсіз баласын ұрған сыныптастарының қылығына ренжулі. Себебі ұлының үсті көк ала болған. Енді жазаларын алса деп тілейді.

Индер ауданына 2020 жылы көшіп келдік. Жалғызбасты анамын. Екі ұл тәрбиелеп отырмын. Қолымда егде жастағы анам бар. Көктем орта мектебінде 2011 жылы туған баламды сыныптасы қоңырау кезінде ұрып-соққан. Қалған 5- 6 бала қарап тұрған. Есікті жауып қойып, қолдарындағы заттарын лақтырған. Арқасынан тепкілеген. Орындықтың темірімен арқасынан, аяғынан бірнеше мәрте ұрған. Сыныптан шығармаған. Бұл не деген жауыздық. Балам үйге әрең келді. Басынан жарақат алған. Ауруханада ем алып жатыр. Нашар жағдайы. Бұл жәй ғана сыныпта болған ойын емес. Камера бар мектепте. Бірақ жазбаны бермей отыр бізге. Жауаптылар бір-біріне сілтеп отыр. Желіде резонанс тудырғаннан кейін ғана арызыма жауап келді. Әжесінің жүрек талмасы ұстады мына жағдайды көріп. Ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ. Осы мәселе жабылып қалмаса деймін,- дейді Әйгерім Сұлтанова. 

Келеңсіз жағдай дәл мектеп қабырғасында болған. Бір бала сыныптасын соққыға жықса, қасында қарап тұрған қатарластары оны тоқтатуға да тырыспаған. Қайта қолдарындағы заттарын лақтырып, орындықтың темірімен ұрыпты. Индер тұрғыны құзырлы орган өкілдері істі жылы жауып қоймаса дейді. 

Мені жауап алуға күні кеше ғана шақырды. 10 күн бойы не істеді. Балаға қандай психологиялық көмек керек деп сұраған жоқ осы уақытқа дейін. Индердегі полиция қызметкерлері, балалар кәмелетке толмаған, ешқандай шара қолданылмайды деп еш қысылмастан кесіп айтады. Сонда зардап шеккен балама ешкім көмектескісі келмей ма, шырылдаған мен сияқты ананың үнін ешкім естімей ма? Баланың денсаулығын кім қалпына келтіріп береді? Менің баламды соққыға жыққан баланың анасы сол мектепте мұғалім екен. Әкесі полиция қызметкері дегенді естідік. Баламды себепсіз, сабақты жақсы оқисың, бізге қосылмайсың деп ұрған көрінеді. Осы істің бір шешімі болса деймін. Кінәлілер жазасыз қалмау керек,- дейді мектеп оқушысының анасы Әйгерім Сұлтанова. 

Оқиғаға қатысты облыстағы білім беру басқармасы өкілдері жауап берді. Балаларды назарсыз қалдырған қызметкерлердің бәріне тиісті шара қолданылғанын айтады. 

Индер ауданында болған бұл жағдай бойынша балаларды қадағалауға алмаған сынып жетекшісіне, кезекшілікте болған мұғалімге, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына, сондай-ақ мектеп директорына қатысты шара қолданылды. Оларға сөгіс берілді. Ал сынып жетекшісі жұмыстан босатылды. Біз олар бойынша барлығына ден қойып, профилактикалық шаралар жүргізіп тұрамыз, - дейді Облыстық білім беру басқармасының бас маманы Дулат Хамзин.

Құзырлы органдар жаға ұстатарлық жайтқа қатысты қылмыстық іс тіркеп, сараптама тағайындапты. Қазір тиісті жұмыстар жүріп жатқанын айтады. 

Индер ауданындағы 7-сынып оқушысының алған дене жарақаттарына қатысты қазіргі таңда қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ жасөспірімдерді, кәмелет жасқа толмауына байланысты олардың заңды өкілдерінің қатысуымен жауаптар алынып жатыр. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Құқықбұзушылыққа жол берген жасөспірімдер ішкі істер органдарының есебіне алынып, оларға қатысты іс-құжаттар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға ұсынылды,- дейді Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Енді сыныптастарына қорлық көрсеткен мектеп оқушыларына қандай шара қолданылатынын құзырлы органдар шешеді. Ал әлімжеттік көрген баланың анасы, балам жаңа оқу жылында тағы да келеңсіздікке тап бола ма деп қорқып отыр. 

Өзгелердің жаңалығы