Мектеп мұғалімдерін санақ өткізуге кім міндеттеп жатыр?

22 Қыркүйек 2021, 19:59
8279
Бөлісу:
Мектеп мұғалімдерін санақ өткізуге кім міндеттеп жатыр?
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде ауқымды науқан – халық санағы өтіп жатыр. Қазіргі күні санақтан кез келген қазақстандық онлайн өте алады. Ал қазан айынан бастап интервьюерлер әр үйді аралап, санақтан өтпегендерді тіркейді. 

Ал енді санақты жүргізумен нақты кім айналысуы керек? Мектеп мұғалімдерін санақ өткізуге кім тартып жатыр?

Айта кетейік, өткен аптада Білім министрі Асхат Аймағамбетов аппарат жиналысында «Мұғалім мәртебесі туралы» заң бұзылса, онда қатаң шара қабылданатынын айтқан болатын

Мұндай ескертулер айтылғанымен мұғалімдер тарапынан артық жұмысқа жеккендер жайында шағымдар тыйылар емес. 

Бүгін редакциямызға Түркістан облысындағы мектеп мұғалімінен шағым келіп түсті. Оның айтуынша, мектеп әкімшілігі мұғалімдерді санақ жұмысына тартып, сыныптағы оқушылар мен олардың ата-аналарын онлайн санақтан өткізуді талап етіп отыр.

Халық санағын өткізуге кім жауапты? Мұғалімдерге қазір әр отбасының санақтан өтуін қадағалауды тапсырып отыр. Ертеңге дейін әр сыныптың отбасы тіркеуден өтуі тиіс. Және бізден сағат сайын санақ бойынша есеп талап етіп жатыр. Бұл тапсырманың түскеніне 3-4 күн болды. Мысалы, бір сыныпта 25 оқушы болса, олардың барлық отбасы мүшесі де онлайн тіркеуден өтуі керек, - дейді түркістандық мұғалім (есімін атамауды өтінді).

Одан бөлек, Facebook әлеуметтік желісіндегі ұстаздардың топтарында да мұндай шағымдар жоқ емес.

Қайырлы күн, әріптестер! Республика бойынша өтіп жатқан санақ жөнінде білесіздер. Енді мұғалім, яғни сынып жетекші де сол санақты жүргізу керек пе? Бізден «оқушылардың санаққа тіркелгені жөнінде ата-аналардан сұрауды, келген кодты алып, оқушылардың тізімін жазып беруді және егер ата-аналар өте алмаса, онда мектепке шақырып санақтан өткізіңіздер» деді. Өзімнің отбасымды тіркеу үшін 2 сағаттай отырдым. Сіздерден де сондай ақпарат талап етіліп отыр ма? (мәтін - ред.), – деп жазды «Қазақстан ұстаздары» тобының қолданушысы.

Мұғалімдерді еркінен тыс санақ жұмысына кім тартып жатқанын Білім және ғылым министрлігі мен Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметінен сұрап білдік.

Бұл - ұстаздардың міндеті емес. Білім басқармаларының басшыларына бұл мәселені тағы жеткіземіз. Мұндай тапсырма министрліктен берілген жоқ. Вакцинация, санақ бойынша тізім жасау мұғалімдердің жұмысы емес! – деді БҒМ баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева.

Айта кетсек, жақында ғана Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті азаматтардың өтініштері үшін жедел желі телефондарын іске қосты. Жедел желі телефондары ел азаматтарының Комитет пен аумақтық департаменттердің қызметкерлеріне түрлі проблемалар туралы хабарлауы үшін жұмыс істейді. Бұл мұғалімдерді өзіне тән емес функцияларға тарту, мектеп дәретханалары, бейнебақылау камералары, дабыл батырмалары, қауіпсіздік жүйесінің басқа элементтері, жатақханаларға қатысты және т.б. мәселелер болуы мүмкін.

Ал Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі былай деп жауап берді.

Қазір санақ тек онлайн режимде өтіп жатыр. Бюро тарапынан ешкімге ондай (мұғалімдердің санақ жұмысына тартылуы туралы – ред.) талап қойылмады, - деді бюро баспасөз қызметі.

Айтуларынша, қазір қазанда жұмыс істейтін интервьюерлермен келісімшарт жасалып жатыр.

Қазанда жұмыс істейтін интервьюерлермен келісімшарт жасалады. Келісімшартқа сәйкес жалақысы қарастырылады. Интервьюер ретінде 18 жастан асқан, вакцина алған, респонденттермен тіл табыса алатын, планшет пен компьютер тілін білетін азаматтар қабылданады, - деп жауап берді Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бүгінгі күні санақтан онлайн өткендер қатары 5 миллионнан асты. Осылайша бүгінде санаққа қатысқан халық үлесі 26,3%-ті құрады.

22 қыркүйек сағат 15:00-дегі жағдай бойынша 5003105 респондент онлайн санақтан өтті. Олардың 4 323 686-сы sanaq.gov.kz сайтында, 484 878 адам Egov порталында тіркелу арқылы жауап берсе, 194 541 адам санаққа Аitu қосымшасы арқылы қатысты.

Онлайн санақтан өткендер саны бойынша Түркістан облысы алда. Мұнда 603 743 тұрғын санақтан өткені жайлы хабарлама алған. Онлайн санақтан өткен тағы 527 233 адам Алматы облысында тіркелген. Үздік үштікті Шығыс Қазақстан облысы түйіндеді. Мұнда 437 656 адам санақ сауалдарына жауап берді.

Еске сала кетейік, елімізде санақтан өтеуге арналған бұрыштар жұмыс істейді. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес Шымкентте 155, Қостанай облысы – 21, Ақмола облысы – 258, Атырау облысы – 81, Маңғыстау облысы – 31, Павлодар облысы – 253, Жамбыл облысы – 82, Ақтөбе облысы – 172, Түркістан облысы – 485, Алматы облысы – 312, Батыс Қазақстан облысы – 206, Солтүстік Қазақстан облысы – 155, Шығыс Қазақстан облысы – 353, Қызылорда облысы – 325, Қарағанды облысында 112 бұрыш бар.

Сауалдарға онлайн жауап беру мүмкіндігі 15 қазанға дейін қолжетімді. Қазіргі уақытта респонденттерге санақтан онлайн режимде өтудің бірнеше жолы қарастырылған: SANAQ.GOV.KZ сайты, E-GOV порталында тіркелу және AITU мобильді қосымшасы.

Өзгелердің жаңалығы